Қызылорда қаласында жаңа Конституция жобасын халыққа түсіндіру жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде. Бүгін «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» өңірлік және қалалық коалициясының мүшелері «Dalatex» тігін фабрикасының ұжымымен кездесу өткізді.

«Dalatex» фабрикасы еліміздегі ерлер жейдесін өндіретін бірегей кәсіпорындардың бірі болып табылады. Фабрика тек өндірістік қызметпен шектеліп қалмай, ірі компаниялармен әріптестік орнатып, арнайы жұмыс киімдерін дайындау арқылы отандық өндіріс әлеуетін арттыруға және өңір экономикасының тұрақты дамуына үлес қосуға тырысуда. Бұл көрсеткіш кәсіпорынның тек өндірістік қана емес, әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан да маңызды рөл атқаратынын айқындайды.

Кездесу барысында қалалық коалиция жетекшісі Ибадулла Құттықожаев жаңа Конституция жобасының стратегиялық мәніне тоқталды. Оның айтуынша, құжат елдің ұзақ мерзімді дамуына берік құқықтық негіз қалыптастырып, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды жаңа деңгейге көтеруге бағытталған. Жоба тек нормативтік акт ретінде ғана емес, елдің әлеуметтік-экономикалық даму стратегиясына бағытталған маңызды құжат ретінде бағаланады.

«Жобада адам капиталын дамыту басым бағыт ретінде айқындалған. Білім мен ғылымды, инновация мен мәдениетті жүйелі қолдау азаматтардың интеллектуалдық және әлеуметтік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар цифрлық құқықтарды, жеке деректерді және зияткерлік меншік институттарын конституциялық деңгейде қорғау құқықтық жүйені заманауи талаптарға бейімдеудің айқын көрінісі болып табылады. Бұл қадамдар елдің цифрлық экономикаға көшуіне берік негіз қалайды», – деді Ибадулла Құттықожаев.

Өңірлік коалиция мүшесі Пірмұхамед Сыздықов Конституция жобасында шағын және орта бизнесті қолдаудың арнайы тетіктеріне ерекше мән берілгенін атап өтті. Оның пікірінше, тігін өндірісі сияқты салаларды дамыту экономиканы әртараптандырудың тиімді жолы болып табылады. Жоба кәсіпкерлікті ынталандыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және халық табысын арттыру сияқты әлеуметтік-экономикалық міндеттерді де қамтиды.

Іс-шараға коалицияның басқа мүшелері – Абайбек Жүнісов, Майра Боранбаева, Арайлым Байжігітова және Руслан Ізтілеуов қатысып, Конституция жобасының негізгі басымдықтары мен оның практикалық маңызын жан-жақты түсіндірді. Кездесу барысында фабрика ұжымы жобамен таныс екенін айтып, өз пікірлерін білдірді. Мысалы, ұзақ жыл бойы тігінші болып еңбек етіп келе жатқан Жадыра Бұтабекова жаңа Конституцияны әрбір еңбек адамының құқықтарын қорғап, адал еңбектің бағалануына берік негіз болады деп бағалады.

Осылайша, ашық форматта өткен диалог еңбек ұжымдарының ел болашағына жауапкершілікпен қарап, өз құқықтары мен мүдделерін түсіну деңгейінің жоғары екенін көрсетті.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!