Бұйымның сыртқы түрiн айқындайтын өнеркәсіптік немесе қолөнер кәсібі өндірісі бұйымының көркем-конструкторлық шешiмі өнеркәсiптiк үлгiге жатады. Өнеркәсiптiк үлгiге, егер ол жаңа, бiрегей болып табылса, құқықтық қорғау берiледi. Қазақстан Республикасы Патент заңына сәйкес өнеркәсiптiк үлгi, егер бұйымның бейнелерінде көрініс тапқан және өнеркәсіптік үлгінің маңызды белгілерінің тізбесінде келтірілген оның маңызды белгілерінің жиынтығы өнеркәсіптік үлгіге басымдық берілген күнге дейін әлемде жалпы жұртқа қолжетімді болған мәліметтерден белгілі болмаса, жаңа болып табылады.


Өнеркәсіптік үлгінің жаңалығын белгілеу кезінде Қазақстан Республикасында басқа тұлғалар бірдей өнеркәсіптік үлгілерге бұрын берген, кері қайтарып алынбаған өтінімдер, сондай-ақ Қазақстан Республикасында патенттелген өнеркәсіптік үлгілер ескеріледі. Өнеркәсіптік үлгі, егер оның маңызды белгілері бұйым ерекшеліктерінің шығармашылық сипатын айқындаса, бірегей деп танылады. Елеулі белгілерге нысаны, конфигурация, орнамент және түстердің үйлесімі жатады.


Өнеркәсіптік үлгілер кәсіпкерлік субъектісі мүдделерін қорғаудың маңызды құралы болып табылады, себебі сыртқы түрі тұтынушы нақты тауарды таңдаған кезде анықтаушы фактор болып табылады. Түрлі өндірушілер шығаратын бір мақсаттағы бұйымдардың техникалық деректері бірдей болғанымен, олардың сыртқы бейнелеріндегі айырмашылықтар маңызды рөлді атқарады. Өнеркәсіптік үлгі сыртқы түріне ие болатын тауар шығарумен байланысты адамның кез келген қызмет көрсету саласында құрастырылуы мүмкін.


Осыған байланысты өнеркәсіптік үлгі объекттің сыртқы түріне қатысты болады. Әлемде өнеркәсіптік үлгіні анықтау үшін жиі «дизайн» деген ұғым пайдалынады. Осылайша өнеркәсіптік үлгі дизайнердің шығармашылық еңбегінің жемісіне жатады. Қоғамдық мүдделерге, адамгершiлiк пен мораль принциптерiне қайшы келетiн бұйымдардың шешiмдерi өнеркәсiптiк үлгiлер болып танылмайды.
Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Ұлттық зияткерлік меншік институты» ШЖҚ РМК (ҚР ӘМ ҰЗМИ) Қазақстан Республикасы патенттік ведомствосының сараптамалық функцияларын жүзеге асыратын ұйым болып табылады.


ҚР ӘМ ҰЗМИ патент беру туралы шешімі негізінде және көрсетілетін қызметті берушінің құжаттарды патент беруге дайындау және жариялау қызметі үшін төлем жасалғанын растайтын құжатты ұсынған жағдайда өнеркәсіптік меншік объектісі бойынша мәліметтер Өнертабыстардың, пайдалы модельдердің, өнеркәсіптік үлгілердің мемлекеттік тізіліміне енгізіледі.


Өнеркәсіптік үлгіге патентті алу үшін сараптама жасау ұйымына патент алуға өтінімді беру қажет. Патент өнеркәсіптік меншік объектісіне басымдықты, авторлықты және айрықша құқықты куәландырады.


Қазақстан Республикасы Патент заңына сәйкес Қазақстан Республикасы өнеркәсіптік үлгіге патентті беруге өтінімді заңды және жеке тұлға да бере алады. Өтінімді өтініш берушілерден басқа көркемдік-конструкторлық шешімнің авторлары көрсетіледі. Өтініш беруші мен автор бір жеке тұлға бола алады.


Өнеркәсiптік үлгiге өтiнiмде:

  • өнеркәсiптік үлгi авторлары және атына патент сұралып отырған адамдар, сондай-ақ олардың тұрғылықты жерi немесе орналасқан орны көрсетiлген патент беру туралы өтiнiш, сондай-ақ олардың тұрғылықты жері немесе орналасқан жері;
  • мәлiмделген үлгi (үлгiлер) туралы толық егжей-тегжейлі түсінік беретін бұйымның сыртқы түрінің бейнелерін репродукциялауға жарамды жиынтық;
  • өнеркәсiптік үлгiнің елеулi белгiлерiнiң тiзбесiн қамтитын сипаттамасы;
  • өкiлдер арқылы iс жүргiзген жағдайда – сенiмхат болуға тиiс.

  • Сонымен қатар өнеркәсіптік үлгіге арналған өтінімге оның төлемін азайту (Ұлы Отан соғысына (бұдан әрі – ҰОС) қатысушылар және жеңілдіктері бойынша ҰОС-қа қатысушыларға теңестірілген адамдар, мүгедектер, кәмелетті жасқа толмағандар, оралмандар, жасы бойынша және атқарған еңбек жылдары бойынша зейнеткерлер, әскери қызметшілер үшін – тиісті құжаттың көшірмесі немесе анықтама) үшін негіздемені растайтын құжат, шағын және орта бизнес субъектілері үшін – кәсіпорын жарғысының көшірмесі қоса беріледі.

З.Канапина,
Қызылорда облысы Әділет департаментінің
Зияткерлік меншік құқықтары бөлімінің бас маманы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!