Қазақстанның әр аймағынан Қостанай облысына гуманитарлық көмек жолданып жатыр. Бүгінгі таңда өңірге азық-түлік, киім және жеке гигиена құралдары сияқты 500 тоннадан астам көмек жеткізілген. Енді зардап шеккендерге арнап салынатын үйлер үшін құрылыс материалдары мен тұрмыстық техника қажет. Бұл туралы Әулиекөл аудандық мәслихатының хатшысы Дәулет Қойшыбай мәлімдеді.

«Бүгінгі таңда 500 тоннадан астам өнім әкелінді. Олар – ұн, күнбағыс майы, макарон, су, консервілер, жеке гигиена құралдары, жылы киім сияқты заттар. Қостанайға гуманитарлық көмек тиелген 302 көлік келді. Ол зардап шеккендердің қажеттіліктерін толық жабуға жеткілікті», – деп атап өтті Әулиекөл ауданы мәслихатының хатшысы Дәулет Қойшыбай.

Ол облыс халқының атынан қиын сәтте қол ұшын созған барша қазақстандықтарға алғысын жеткізді.

«Біз гуманитарлық көмекті азық-түлік күйінде жіберуді тоқтата тұруды сұраймыз. Қазір өрттен зардап шеккендерге арнап салынатын жаңа үйлердің құрылысын бастаймыз. Енді құрылыс материалдары мен тұрмыстық техникаға үлкен қажеттілік туып отыр», – деді Дәулет Қойшыбай.

Бұл ретте Павлодар облысының тұрғындары жедел әрекет етіп, азық-түлік орнына Қостанайға құрылыс материалдары бар екі жүк көлігін жіберген.

Еске салайық, бұған дейін Ақмола облысынан 50, ал Алматы облысы 105 тоннадан астам азық-түлік жіберілген болатын.

Сонымен қатар, Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров өрттен зардап шеккен Қостанай облысының тұрғындарына резервтен қаражат бөлінетінін мәлімдеген еді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!