Фото: uktets.kz
Өскемен қаласындағы жылу электр орталығын кеңейту мақсатында ірі жоба жүзеге асырылмақ, деп жазады Kazinform.
Бүгінде қалада жылу мен электр энергиясы тапшы. Осы мәселені шешу үшін жылу электр орталығының қуаттылығын арттыру көзделіп отыр.
Қоғамдық тыңдау барысында жобаны жүзеге асырып жатқан «Өскемен ЖЭО» ЖШС өкілдері стратегиялық жоспарларымен таныстырды. 2028 жылға дейін орталық аумағында жаңа № 13 турбоагрегат пен № 16 қазандық іске қосылады.
Жаңа турбина қосымша 100 мегаватт электр энергиясын, ал қазандық сағатына 400 тонна бу өндіруді қамтамасыз етеді. Соның нәтижесінде жылу қуаты 130 гигакалорияға артып, Өскемендегі жылу тапшылығы 331-ден 201 Гкал/сағ дейін, яғни шамамен 40%-ға қысқарады деп күтілуде.
Жобаның жалпы құны — 140,3 млрд теңге. Қаржы көзін Еуразиялық даму банкі арқылы тарту жоспарланған. Құрылыс жұмыстары қытайлық серіктестермен бірлесіп EPC-келісімшарт аясында жүргізіледі. Жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге Қытай мен Қазақстанның бірлескен консорциумы тартылған.
— Бұл жоба бүкіл өңір үшін стратегиялық маңызға ие. Жылу желілерінің температуралық кестесін көтеріп, негізгі жабдықтардың тозуын шамамен 14%-ға азайта аламыз. Сонымен қатар отын шығыны төмендейді, — деді «Өскемен ЖЭО» ЖШС бас директоры Данияр Нұғұманов.
Жобаны іске асыру барысында 500 уақытша жұмыс орны, ал станция пайдалануға берілгеннен кейін 53 тұрақты жұмыс орны ашылады. ЖЭО-дағы жаңғырту барысында энергоүнемдеуші және экологиялық тұрғыдан тиімді технологиялар қолданылмақ.
Қазіргі таңда құрылыс алаңында дайындық жұмыстары басталып кетті.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!