SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев «Декретке миллионмен» курсына байланысты өзіне қызметтік тексеріс жүріп жатыр деген ақпаратты теріске шығарды. Бұл туралы Tengrinews жазды.

Соңғы күндері бірқатар БАҚ-та депутатқа қатысты тексеріс басталды деген хабар тарап кеткен. Бұл әңгімеге Ақтөбеде сотталған есепші Гауһар Өмірбекованың сөзі себеп болды. Ол тергеу кезінде Мұқаевтың курсына қатысқанын айтқан еді.

Алайда депутаттың өзі бұл мәліметті жоққа шығарды.

«Бұл – қауесет, шындыққа жанаспайды. Қызметтік тексеріс жоқ. Таратылған ақпарат жалған», – деді Мұқаев.

Оның айтуынша, ол дәрістерінде тыңдаушыларды заңсыз әрекетке бармауға үнемі ескерткен.

«Әр сабақта “Алаяқтыққа бармаңдар, жалған ИП ашпаңдар, заңды айналып өтсеңдер, жауап бересіңдер” деп айттым. Жақында екі сағаттық видеосабақты қайта қарап шықтым. Онда жеті рет “өтірік ИП ашпаңдар” деп ескерткенім бар. Ал мені қаралап жүргендердің ешқайсысы менің сабағыма қатыспаған», – деді ол.

Айта кетейік, депутаттың өзі тексеріс жоқ деп мәлімдегенімен, Мәжілістің баспасөз қызметі Tengrinews сауалына жауап берген жоқ.

Еске салсақ, өткен аптада Ақтөбеде екі есепші жұмыс істемейтін ондаған әйелді жалған құжатпен кәсіпкер ретінде тіркеп, мемлекетке небәрі 98 миллион теңге залал келтіргені үшін алты жылға сотталды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!