Фото: ХОК баспасөз қызметі

Франция астанасы Париж қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарында Өзбекстан құрамасы алтын медальдар санын 5-ке жеткізді, – деп хабарлады Қазақпарат.

Бүгін өзбекстандық боксшылар Асахуджа Муйдинхужаев (71 кг) пен Лазизбек Муллажонов (-92 кг) Париж Олимпиадасындасының чемпионы атанды. Осылайша финалға шыққан өзбектің бес боксшысының үшеуі алтын медальға қол жеткізіп үлгерді. Енді тағы екі боксшы финалда жұдырықтасады.

Атап айтсақ, Асахуджа Муйдинхужаев финалда мексикалық боксшы Марко Алонсо Верде Альваресті 5:0 есебімен ұтты. Ал 92 келіге дейінгі салмақта Лазизбек Муллажонов Әзірбайжан боксшысы Лорен Берто Альфонсо Домингеспен жұдырықтасып, ол да қарсыласын 5:0 есебімен ұтып, Олимпиада чемпионы атанды.

Осылайша Париж Олимпиадасында Өзбекстан құрамасы бүгін бесінші алтын жүлделеріне қол жеткізді. Алтын медальға боксшылардан бөлек, дзюдошы Диера Келдиерова мен таэквондошы Улугбек Рашидов ие болды. Ал боксшылардан өзбектер құрамасына алғашқы алтынды Хасанбой Дусматов алып берген болатын.

Енді, 10 тамызда Өзбекстанның тағы екі боксшысы Олимпиада алтынын сарапқа салады. Олар — 57 келі салмақта Абдумалик Халоков пен аса ауыр салмақтағы Баходир Жалолов.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!