Фото: Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі

KAZINFORM – «Орталық Азия – Жапония» алғашқы саммитіне қатысқан Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев аталған форматты дамытуға қатысты бірқатар бастама көтерді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Өзбекстан басшысы формат жұмысына серпін беруге бағытталған өзінің көзқарасын баяндай келе, Орталық Азия мен Жапонияның 2040 жылға дейінгі ынтымақтастық стратегиясын қабылдауды ұсынды.

– Бұл құжатқа өңір елдерінің тұрақты дамуына жәрдемдесетін және олардың жаһандық экономикалық үрдістерге терең интеграциялануына бағдар беретін жобалар енуі қажет. Бұл мәселелерді жан-жақты зерделеу үшін елдеріміздің жетекші талдау құрылымдарының қатысуымен сарапшылар форумын өткізу маңызды. Бұл ретте Ташкент келер жылы форумның бірінші отырысын қабылдауға дайын, – деп тоқталды Ш.Мирзиёев.

Кейін көршілес елдің президенті жапон қаржы институттарын Орталық Азиядағы сауда-экономикалық және инвестициялық жобаларды қолдауға шақырды. Оның пайымынша, аймақ елдерінің жер асты байлықтарын игеруде Токионың индустриялық және технологиялық әлеуетін тиімді пайдалану орынды.

– Осы орайда, Орталық Азияның инфрақұрылымы мен өнеркәсібін дамытудың инвестициялық қорын құруды ұсынамыз. Оның негізінде өңірдегі ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру үшін жапон инвестициясын, технологиясын, инженерлік стандартын тартуға бағытталған «Сапалы инфрақұрылым» бағдарламасын іске асыруға болады, – деді Өзбекстан президенті.

Шавкат Мирзиёев цифрлық трансформация мәселелеріне де ерекше тоқталды. Оның айтуынша, бұл сектор экономикалық өсімнің өзегіне айналып келеді.

– Осыған байланысты цифрлық шешім, жасанды интеллект, киберқауіпсіздік және инновациялық экономика саласындағы ынтымақтастықтың көпжақты платформасы – «Орталық Азия – Жапония» цифрлық хабын құруды ұсынамыз, – деп түйіндеді Өзбекстан басшысы.

Еске салайық, таяуда Өзбекстан Оңтүстік-Шығыс Азиядағы Достық және ынтымақтастық шартына қосылды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!