Фото: Kazinform

Өзбекстанның Денсаулық сақтау министрлігі елге электронды темекіні әкелуге және сатуға тыйым салуды ұсынып отыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.

Ведомствоның мәліметінше, 2021-2023 жылдары Өзбекстанға заңды түрде 28,5 млн долларға бағаланған 5,4 млн дана электронды темекі әкелінген. Сонымен қатар осы аралықта құны 11,8 млрд сум болатын темекі бұйымдарын заңсыз импорттау фактілері тіркелді.

Мониторинг көрсеткендей, Өзбекстанда жастар электронды темекіні ересектерге қарағанда үш есе көп пайдаланады. Негізінен оны шегуге мектеп оқушылары бейім келеді: 26,6 мың ұл және 8,6 мың қыз.

Министрліктен мәлім еткендей, егер бұған қарсы шара қолданылмаса, болашақта әрбір бесінші өзбекстандық никотинге тәуелділіктен зардап шегеді.

Осыған байланысты ведомство республика аумағында электронды темекіні әкелуге және өндіруге тыйым салуды көздейтін заң жобасын әзірлеп, оны ашық талқылауға шығарды. Енді аталған бағыттағы құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік белгіленбек.

Қоса кетсек, ҚР Ұлттық статистика бюросы жүргізген сауалнама нәтижесіне сәйкес, Қазақстан халқының 20% жуығы темекі шегеді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!