Өзбекстан үкіметі жаңа қаулы қабылдап, енді азаматтарға жынысын ауыстыру негізінде аты-жөні мен әкесінің атын өзгертуге рұқсат берді. Тиісті құжат 13 маусымда нормативтік-құқықтық актілер базасында жарияланғанын UzNews.uz жазды, деп хабарлайды “Адырна”.

Енді аты-жөнді өзгертуге негіз ретінде медициналық мекеме берген жыныс ауыстыру туралы медициналық қорытынды жарамды болып саналады. Бұл процедура бұрынғыдай АХАЖ органдары арқылы жүргізіледі.

Басылым жазғандай, бұған дейін жеке деректерді өзгерту тарихи және ұлттық дәстүрлерге сәйкес, Өзбекстан Республикасының «Мемлекеттік тіл туралы» заңының 15-бабында көрсетілген нормалар негізінде жүзеге асырылатын. Мысалы, азаматтар фамилияларындағы «-ов», «-ев» сынды орысша жұрнақтардан бас тарту арқылы өзгеріс енгізе алатын. Мәселен, Журналистика және бұқаралық коммуникациялар университетінің ректоры Шерзодхон Құдратходжа бірнеше жыл бұрын ресми түрде Құдратходжаев деген фамилиядан бас тартқан.

Жаңа заң редакциясына сәйкес, аты-жөнді келесі жағдайларда да өзгертуге рұқсат беріледі:

  • егер жұбайы некедегі немесе ажырасқаннан кейінгі кезеңде қыз кезіндегі фамилиясын қайтарғысы келсе;
  • отбасы мүшелері бір фамилиямен болғысы келсе;
  • ата-аналар балаларының әкесімен немесе анасымен, анасының қыз кезіндегі тегімен, өгей әке немесе қамқоршының фамилиясы бойынша болуын қаласа;
  • 16 жасқа толған адамға әкелік тану рәсімі жүргізілген жағдайда;
  • жынысын ауыстырған жағдайда.

Өзбек парламентінің бұрынғы депутаты, қазіргі уақытта республика Экология министрінің кеңесшісі Расул Кушербаев бұл өзгерістерге қатысты әлеуметтік желідегі жазбасында: «Мысалы, енді жынысын ауыстырған азамат Дилшод еш кедергісіз есімін әйел нұсқасына – Дилшода етіп өзгерте алады», – деп атап өтті.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!