Былтырғы жылы үлкен кассалық түсім жинаған «Оян, қазақ» фильмінің авторлары – ерлі-зайыпты Мұрат Есжан мен Айсәуле Әбілда Малайзия еліне қоныс аударды, деп хабарлайды

«Малайзияға неге көшкеніміз туралы күніне бірнеше адамнан сұрақ келеді, соның бір жауабын беріп қояйын деп шештім. Әрине, біріншіден, біз жаңа жобамызға бар ынтамызды арнай алатындай шығармашылық күй іздеп келдік. Елде үйіміз бен офисымыздың арасы қатты алыс болмаса да, кәдімгідей уақытымызды алатын. Кептеліс, баратын басқа да шаралар, той, шақырыс бар, сонымен уақыттың қалай өткенін білмей қалып жүрдік. Ал біздің жұмыс ондай еркелікті көтермейді, себебі делайн деген дәу бар, яғни серіктесіңмен келіскен уақытта шаруа біту керек, әйтпесе кез келген істі ғасырлап істей беруге болады. Шаруаның уақытылы бітіп, жұмыстың жақсы жүруіне ең жауапты тұлға – продюсер болғандықтан, мен бұл мәселені барынша қолайлы шешуге тырыстым», – дейді Айсәуле Әбілда.

Ол  көше қалсаң, ісің біте қояды деген сөз емес, бастысы ниет және тырысу, қалғанын нәтижеден күту деп отыр.

«Екіншіден, елде біз онсыз да үй мен офис жалдап, балаларымызды ақылы мектепте оқытып жүрдік. Әрине, 100%, 70% грант алғанның өзінде тамағы мен тасымалдауын ғана төлеуге әр балаға кәдімгідей қаражат кететін, оған қоса жыл сайын қысқы дайындық бар, оның да өз шығыны жетерлік, соның бәрін есептей келе дәл сондай төлемге қай мемлекеттерде жақсырақ жағдайда жұмыс істеп, балаларымызға қосымша тіл үйрететіндей мүмкіндіктер бар деп зерттедік. Малайзияда орта білім жүйесінің жақсы дамығаны мен балаларға ағылшын, қытай тілдерін меңгеріп шығуға жайлы ортаның болуы да шешімімізге әсер етті», – дейді продюсер.


Үшіншіден, жаңа елде тұрып көру – көкжиегіңді кәдімгідей кеңейтіп жібереді ғой, соны да ескеріп, жұмыс пен өмірдің, бала-шағаны жеткізудің арасында өз дамуымызға да дем берейік деген оймен уақытша Малайзияға көштік деп отыр.

«Қазіргі мендегі басты тілек – осы жобаның сәтті жүріп кетуі және аман-есен көрерменмен қауышуы болып тұр. Өздеріңіз білетіндей, біздің компаниямызда тұрақты жұмыс істейтін – екі адам ғана бар, сол жалғыз әріптесімнің сценарийі жүріп кетсе екен деп уайымдап жүрмін. Артық секундыңыз болса, сіздер де бізді дұғаларыңызға қосып, тілеулес бола жүріңіздер», – дейді Айсәуле Әбілдә.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!