Шығыс Қазақстан облысының бұрынғы әкімі Даниал Ахметов Қазақстанның жеңіл атлетика федерациясының басшысы қызметінен кетті, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

Бұл шешім Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының конференциясында қабылданды. Сондай-ақ, оның орнына Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова тағайындалатыны хабарланды.

Жиынға Қазақстанның туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, федерация президенті, аймақтық федерациялардың басшылары, спортшылар және федерация өкілдері қатысты.

Жиын барысында Даниал Ахметов өз өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы мәлімдеп, федерация президенті қызметіне танымал жеңіл атлет Ольга Рыпакованың кандидатурасын ұсынды.

Аймақтық федерациялардың басшыларын қоса алғанда, жиынға қатысушылар оның кандидатурасын бірауыздан қолдады.

«Жеңіл атлетика – еліміздегі ең танымал спорт түрлерінің бірі. Біз жеңіл атлетиканы жаңа деңгейге шығарып, оның халықаралық аренадағы танымалдылығын арттыруымыз қажет. Бүгінгі жиында федерация жұмысында маңызды өзгерістер болды. Федерацияны бірнеше жыл басқарған Даниал Ахметов өз өкілеттігін тоқтатты. Енді федерация президенті қызметін Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова атқарады. Оның жеңіл атлетикамызды жаңа биіктерге көтеретініне сенімдіміз,» – деп атап өтті Ербол Мырзабосынов.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!