Фото: kursiv.media

Алдағы 6 қазан күні ел тұрғындары атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты түбегейлі шешім қабылдайтыны белгілі. Сол күнге белгіленген жалпыхалықтық референдум барысында «Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?» деген сауалға отандастарымыз нақты жауабын бермек. Айта кетерлігі, соңғы уақытта АЭС құрылысын қолдайтын ел тұрғындарының қатары артып келе жатыр, деп хабарлайды KAZINFORM.

Мәселен, «Демократия институты» қоғамдық бірлестігі тамыз айында өткізген сауалнамада АЭС салу идеясын қолдаушылар саны 53,1 пайыз болса, осы айда олардың саны 60,2 пайызға жетіп отыр.

«Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС Ұлттық ядролық орталық және Ядролық технологиялардың қауіпсіздігі ғылыми-техникалық орталық сарапшыларын тарта отырып, әлемдік деңгейде реакторларды жеткізушілердің технологияларын жан-жақты зерделеген болатын. Сол зерттеулердің нәтижесінде ең перспективалы нұсқалар іріктеліп, алдын ала төрт жеткізушіден тұратын мынадай қысқа тізім жасалды:

  • Қытайлық CNNC компаниясының HPR-1000 реакторы;
  • Кореялық KHNP компаниясының APR-1400 APR-1000 реакторлары;
  • Ресейлік «Росатом» компаниясының ВВЭР-1200 реакторы;
  • Француздық EDF компаниясының EPR-1200 реакторы.

Бүгінге дейін отандық атом саласының сарапшылары Франциядағы EDF, Қытайдағы CNNC, Оңтүстік Кореядағы KHNP және Ресейдегі Росатом басқаратын АЭС-теріне барып, жұмысымен танысып қайтқан еді. Осылардың ішінде Корея АЭС-іне жеке тоқталсақ.

Бұл ел аумағында 26 реактор жұмыс істеп тұр. Олар мемлекетке қажетті жалпы электр энергетикасының 30 пайызын өндіреді. Оның бірі – Син-Ханул-2 реакторы өткен жылы ғана пайдалануға берілген. Мұнан бөлек, Сеул-3 және Сеул-4 реакторлары салынып жатыр. Сонымен қатар 2 реактор жұмысын тоқтатқан. Ал кореялық компаниялар салған бір АЭС шетелде, яғни, Біріккен Араб Әмірліктерінде жұмыс істеп тұр. Кореяның өзіндегі және БАЭ-дегі АЭС-тер APR-1400 реакторымен жұмыс істейді.

APR-1400 – Корей электр энергетикалық корпорациясы (KEPCO) әзірлеген су-сулы реактор. Ол үшінші буын реакторы саналады және оңтүстіккореялық KHNP мен KEPCO компаниялары әзірлеген қуаты 1 000 МВттық екі контурлы OPR-1000 ядролық реакторының жаңартылған түрі.

APR-1400 реакторы 1992 жылы әзірленгенімен Корей ядролық қауіпсіздік институтынан сәйкестік сертификатын 2002 жылдың мамырында ғана алған болатын. Мұнан кейін АҚШ-тың Ядролық реттеу жөніндегі комиссиясына 2014 жылдың желтоқсанында және 2015 жылдың наурызында өтінім жіберілді. Осылайша, аталған реактор АҚШ-тың қауіпсіздік жөніндегі базалық ұсынымдарына сай келетіндігі расталды. 2017 жылдың қазанында Еуропалық атом стансалары жөніндегі коммуналдық кәсіпорындардың техникалық-консультациялық тобы аталған реактор жобасын мақұлдады. Ал 2019 жылдың тамызында АҚШ-тың Ядролық реттеу жөніндегі комиссиясы құрылым АҚШ-тың қауіпсіздік талаптарына толығымен сай келетіндігін қуаттап, APR-1400 реакторын сертификаттады.

Еліміз атом электр стансасының құрылысына қатысты жалпыхалықтық референдум нәтижесінде оң шешім қабылдаса, онда Оңтүстік Корея АЭС құрылысына дәл осы реакторды ұсынбақ.

Оңтүстік Кореяда атом электр стансасы 4 бөліктен тұрады десек болады: реактор ғимараты, ядролық қалдық қоймасы, трубина ғимараты және басқару алаңы. Ал реактор орналасатын ғимарат күмбез түрінде салынады. Сырттай қараған кезде Астанадағы Ұлттық мұрағаттың күмбезді бөлігін көз алдыңызға әкеледі. Алдымен ғимарат салынатын алаңның табанына гранит тасы төселіп, үстіне бетон құйылады. Күмбез биіктігі – 72 метр. Бұл 24 қабатты үйдің биіктігімен пара-пар. Диаметрі – 54 метр. Қабырғасының қалыңдығы – 1 метр 37 сантиметр. Қабырғаны айналдыра диаметрі 57 мм арматура жіберіліп, күмбезді бойлай жоғары-төмен 6 мм бірнеше ондаған арматурадан өрілген қосымша жуан темір арқан салынады. Содан кейін бетон құйылады. Мұндай қалыңдықтағы әрі көптеген арматурамен құйылған қабырға тосыннан реакторда апат болған жағдайда радиацияның сыртқа таралуына жол бермейді. Сырттан ұшақ соғылса да, зеңбірекпен атқыласа да былқ етпейді. 900 мың тонналық соққыға төтеп береді.

Реактор электр энергиясын өндіру үшін ішінде 900 мыңға жуық ядролық отын салынған капсула қолданылады. Капсула – табанының барлық қабырғасы 20 см болатын, ұзындығы 4 метр болатын және ұзынынан әр қабырғасына 16 темір өзекше жіберілген құрылғы. Мұндай бір құрылғының салмағы – 640 келі. Реакторға осындай 241 дана капсула бірден салынады және 1,5 жылдан кейін оның 10-ы ауыстырылып отырады. Осы капсулаларды алмастыру үшін реактор жұмысы 7-10 күнге уақытша тоқтатылады. Айта кетерлігі, баланың саусағындай ғана болатын кішкентай бір ядролық отын 15 тонна көмірдің электр энергиясын беруге қауқарлы.

Реактор орналасқан алаңның төменгі қабатында қуаты сарқылған капсулаларды сақтауға арналған қойма бар. Қойма – ені шамамен 10, ал ұзындығы 15 метр болатын бассейн. Бассейн 100 пайыздық бор қышқылына толтырылған. Сеул-1 реакторының астындағы осындай бассейнде 200 дана капсула сақталып тұр. Сақтау мерзімі – 20 жыл. Осы мерзімде бассейн толып кетсе, онда басқа қоймаға ауыстырылады. Ядролық отынның қуаты сарқылып, жарамсыз күйге түссе де жылу бөлуін жалғастыра береді. Мәселен, 200 дана капсула салынған бассейндегі бор қышқылының жылуы – 30 градус. Ал бассейнде таза су болса, онда оның қызуы мұнан әлде қайда жоғары болмақ, яғни капсула радиация бөлуін жалғастыра береді. Сондықтан, оңтүстіккорейліктер ядролық отын қалдықтарын жерге көму сынды шараны қарастырып та отырған жоқ.

Сеул атом электр стансасы реакторды салқындату үшін Сары теңізден секундына 50 тонна су алып отыр. Осы суды реактор 324 градусқа дейін ысытып, оны құбыр арқылы бу генераторына айдайды. Бу генераторында су 240 градусқа дейін төмендетіліп, жоғары қысым турбинасына жетеді. Сөйтіп, ротор бойындағы қалақшаларды айналдыру арқылы электр энергиясын өндіреді. Турбинадағы қысым – 158 бар (қысым өлшем бірлігі). Қалақшалар бір минуттың ішінде 1 800 айналым жасап, 24 мың вольттық электр энергиясын тудырады. Жоғары қысым турбинасында су 10-40 градусқа дейін салқындайды. Ал теңізге қайта құйылатын кезде судың температурасы шамамен 7-8 градус болады. Жалпы, бұл реакторларда қолданылатын судың буланып, ауаға таралуы 0 пайызға тең. Теңізге құйылатын су радиацияға да ұшырамайды. Өйткені, реакторды салқындататын су мен теңізден алынған су бір-бірімен араласпайды, яғни тұйық цикл технологиясы қолданылған.

Айта кетерлігі, таяуда Атом электр станциясын салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб құрылған болатын. Оның құрамына 6 саяси партияның, сондай-ақ шамамен 20 республикалық қоғамдық бірлестіктің 250-ге жуық өкілі кірді. Штабтың мақсаты – халықты атом электр станциясын салу жөніндегі прогрессивті идеясының айналасында топтастыру. Бүгінде штаб өкілдері еліміздің барлық өңірлерінде халықпен кездесіп, кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын атқарып жүр.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!