Түркістан облысы Төлеби ауданындағы Шоқан Уәлиханов атындағы №2 жалпы орта мектебінің 9-сынып оқушысы Жансұлтан Төребек ұстазының көмегімен «Асылбек» деп аталатын қымыз құйғыш робот жасады, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Кез келген адам аталмыш роботқа арнайы пластикалық картаны жақындату арқылы «Асылбекті» сөйлете бастайды. Содан кейін робот қымыздың шипалы қасиеті туралы қысқаша мағлұмат береді. Осыдан соң ғана «Асылбек» ыдысқа сусын құяды.
«Роботтардың түрлеріне, жұмыс істеу принциптеріне қызығушылығым бұрыннан бар болатын. Мұндай робот құрастыру идеясы мектебімізде өткен информатика пәні апталығында ұйымдастырылған роботтар көрмесі кезінде туды. «Асылбек» роботын жасау туралы ойымды әуелі мұғалімім Лаура апайға айттым. Ол идеямды қолдап, құрастыруда көмектесетінін айтты. Менің роботым оқушылардың робототехникаға деген қызығушылығын арттырумен қатар, емдік қасиетке ие сусын қымыз арқылы жастардың арасында салауатты өмір салтын дәріптейді. Ұлттық сусынымызды насихаттайтын болғандықтан, «Асылбектің» ұлттық киімде болғаны дұрыс деп шештік», – дейді Жансұлтан.
Оның қымыз құйғыш робот жобасы ғылыми жобалар байқауының аудандық және облыстық кезеңдерінде жүлделі болған.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!