Қазақстанда «Жалпыға бірдей білім беру» қоры аясында ата-аналар мен заңды өкілдердің есепшоттарына мектеп формасы, аяқ киім және оқу-құралдарын сатып алу үшін шамамен 20 млрд теңге бөлінді. Бұл қолдау 430 мыңнан астам баланы, яғни алушылардың 87%-ын қамтыды, деп хабарлайды BAQ.KZ Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
2025 жылы көмек 500 мыңнан астам оқушыға көрсетіледі. Оның ішінде жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар, аз қамтылған және атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балалары бар.
Астана мен Шымкент қалаларында қаражат толық көлемде аударылып, отбасылардың 100%-ы көмек алды.
Көмек алғандар сатып алынған тауарларды растайтын құжаттарды ұсынуы тиіс. Төлемді алу үшін өтініш беру жеткілікті, – деді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова.
2025 жылы бұл қорды қаржыландыру көлемі 23,1 млрд теңгені құрайды. Төлем мөлшері өңірлерде мәслихат шешімімен бекітіледі және бір балаға кемінде 46 228 теңгеден төмен болмайды.
Айта кетейік, 2023 жылдан бері көмек көлемі 2,5 есеге өсіп, 17 мыңнан 46 мың теңгеге дейін артқан.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!