Фото: Астана ПД

KAZINFORM – Орал қаласында тұрғындарға тиісті лицензиясыз шағын несие беру бойынша заңсыз кәсіпкерлік қызметті ұйымдастырған адамдар тобының әрекеті әшкереленді.

БҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті тергеу басқармасы басшысының орынбасары Мадияр Палмановтың мәлім еткеніндей, күдіктілер бес жыл бойы «Тез ақша» брендімен филиал жүйелері арқылы азаматтармен 1,5 млрд астам теңге займ беруге келісім-шарт жасаған.

Оның сөзіне қарағанда, займдар бойынша пайыздарға күдіктілердің бірінің туысқанына тіркелген ЖШС-мен консультациялық қызмет көрсету туралы бөлек келісім жасалған.

– Займ алушылар консультациялық қызмет деген желеумен күніне 1,5 пайыз төлеп отырған. Бұл 0,3 пайыз түріндегі шекті мөлшерлемеден 5 есе асып түседі. 1,5 млрд астам теңгеге барлығы 47 мың келісім-шарт жасалған. Қылмыстық іс сотқа жолданды, – деді М.Палманов.

Оның айтуынша, қаржылық алаяқтыққа қарсы тұру үшін тұрғындардың одан жан-жақты хабардар болуы маңызды. Заңсыз шағын несие ұйымдары азаматтардың қаржылық қауіпсіздігіне және экономикалық тұрақтылыққа қауіп төндіреді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!