4 жастағы Аманжол Орынбекұлын 24 мамырда тоқ соғып, екі қолынан айырылған еді. Қазір бала ауруханада ем қабылдап жатыр, жағдайы жақсы. Аманжолдың оқиғасын естіген кәсіпкерлер балаға пәтер мен протез сыйламақшы, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Мой Город басылымына сілтеме жасап.
Тоқ соғу салдарынан баланың қолдары күйіп, сүйегіне дейін зақымдалған. Шұғыл ота жасалып, дәрігерлер қос қолын кесіп тастауға мәжбүр болған.
Қазір Аманжол ауруханада ем қабылдап жатыр, жанында анасы Әсел Айтжанова бар. Бұл туралы естіген алматылық кәсіпкер әйел отбасыға Оралдан екі бөлмелі пәтер сыйлау туралы шешім қабылдаған. Үй сатып алынып қойған.
«Келесі аптада отбасыға үйдің кілті табысталады. Тағы бір жақсы хабар бар. Протез жасайтын мамандандырылған компания Аманжолға көмектеседі. Олар біздің ұлымызға қозғалмалы протезді тегін дайындап бермекші. Бұл үшін ол оңалту курсынан өту керек. Анасы оны Нұр-Сұлтандағы немесе Самарадағы клиникаға алып бармақшы. Тек осыдан кейін ғана Алматыға барады. Мұнда Аманжолдың өлшемін алады. Протез 6 айдың ішінде дайын болады. Біз үшін уайымдап, көмек көрсеткен жандарға алғысымыз шексіз», – деді отбасының туысы Айдана.
Әйелдің сөзінше, Аманжол қазір өзін жақсы сезінеді, тіпті ойнай бастаған. Ал 30 маусымда 14:00-де Жастар мәдениет үйінде қайырымдылық концерті өтеді. Шарадан түскен қаржы Аманжолдың еміне жұмсалады.
Айта кетейік, бұған дейін Батыс Қазақстан облысында ток соққан төрт жасар баланың екі қолын кесіп тастауға тура келгені туралы хабарлаған едік.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!