Фото: polisia.kz

Орал қаласының мамандандырылған әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында азамат С-ға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 319-бабының 1-бөлігіне сәйкес іске нүкте қойылды, деп хабарлайды КAZINFORM.

БҚО сотының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, аталған азамат екі қабатты ғимараттың құрылысын бастау үшін бекітілген жобаны ұсынған.

Бұл жоба екі жеке тұрғын үй салуды, әрқайсысының жеке кіреберістері, баспалдақтары және жертөлелері болуын көздеген еді. Алайда мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы жүргізген тексеру барысында жобада және нақты нысанда елеулі айырмашылықтар бар екені анықталды.

Атап айтқанда, ғимараттың нақты көлемі жобада көрсетілген 14,40×13,50 метрдің орнына 25×20 метр болған. Екі жеке үйдің орнына ортақ кіреберіс, бір баспалдақ және ортақ жертөлесі бар бір ғимарат салынған. Сондай-ақ екі үйді бөліп тұратын қабырға қарастырылмаған, сөйтіп жобалық талаптар бұзылған. 

Бұл сәйкессіздіктер бақылаушы органдарға ғимараттың коммерциялық мақсатқа арналғаны туралы қорытынды жасауға негіз берді. Бірақ жер учаскесінің мемлекеттік актісіне сәйкес оның мақсаты – жеке тұрғын үй салу. 

«Азамат С. жобадағы өзгерістерді жасауға мәжбүр болғанын айтып, үлкен отбасы үшін үй салғысы келгенін түсіндірді. Оның айтуынша, жаңа жоба мақұлдауға ұсынылған, бірақ қабылданбаған. Архитектура бөлімі мамандары жобаның заңнама талаптарына қайшы екенін атап өтті. Бұдан бөлек, құрылыс барысында өрт қауіпсіздігі, авариялық шығу жолдары және басқа да инженерлік талаптар ескерілмеген. Инспекторлардың айтуынша, құрылысты аяқтамас бұрын ғимаратты заңдастыру қажет, алайда бұл үшін жобаны толығымен қайта қарау керек, ал қазіргі жағдайда бұл мүмкін емес. Сот азамат С-ны кінәлі деп танып, оған 55 380 теңге мөлшерінде айыппұл салу туралы шешім шығарды. Сонымен қатар сот заңсыз салынған ғимаратты бұзуды міндеттеді», – деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да 75 млн теңге пара алған салық қызметкері сотталғанын жазған болатынбыз.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!