Фото: Бауыржан Ахметжаннан
Орал қаласындағы Ескі әуежай шағынауданында орналасқан 3,3 гектар жер кезінде жекеге берілген, деп жазады KAZINFORM.
Заңгер, БҚО қоғамдық кеңесінің мүшесі Бауыржан Ахметжанның Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында мәлім еткеніндей, аталған жердің кадастрлық құны 52 млн 010,4 мың теңге болса, нарықтағы бағасы — 1 млрд 667 млн теңге.
Оның сөзіне қарағанда, қаладағы 1 шаршы метр жерді жеке меншікке беру бағасы облыс әкімдігінің қаулысымен 1 560 теңге болып бекітілген. Ал оның жеке саудадағы құны 50 мың теңге тұрады, яғни 32 есе қымбат.
2011 жылы 1 желтоқсанда «Oil Real Estate» ЖШС (Алматы қаласы) әкімдіктен аталған жерді қонақ үй, әкімшілік, сауда-ойын-сауықтыру ғимаратының құрылысы үшін алған. 2014 жылы 24 қазанда әкімдік жер телімінің мақсатын көп қабатты тұрғын үйлер құрылысына ауыстырып берген.
— Мен 2022 жылы «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігінде қызмет еткенде, жердің бос тұрғанын, игерілмегенін, Жер кодексі талабының бұзылғанын көріп, БҚО жер ресурстарын басқару департаментінің Берік Есенғалиевке арыз жаздым. Олар тексеріс жасап, ЖШС-ге 2023 жылғы 2 қарашаға дейін жерді игеру туралы нұсқама берді. Орындамаған соң, департамент сотқа жерді кейін қайтару туралы шағым түсірді, — дейді Бауыржан Ахметжан.
Оның айтуынша, БҚО мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы Сабыржан Есжановтың 2025 жылғы 13 мамырдағы шешімімен талап арыз қанағаттандырылды. Мемлекет меншігіне мәжбүрлеп алу туралы шешімді әділет департаменті атқарды.
Осы мәселеге орай Kazinform тілшісі Орал қаласы әкімдігіне арнайы сауал жолдаған еді.
Әкімдік «Әділдік жолы» РҚБ БҚО филиалының 2022 жылғы 8 қыркүйектегі өтініші негізінде Орал қаласында Алаш пен М.Абдолов көшелерінің қиылысында орналасқан жалпы көлемі 3,3340 га жер теліміне қатысты БҚО жер ресурстарын басқару департаменті тарапынан тексеру жүргізілгенін растады.
— Тексеру нәтижесінде Жер кодексі 65-бабының талаптары бұзылғаны анықталды. Атап айтқанда, жер телімінің нысаналы мақсатына сәйкес игерілмегені белгілі болды. Осыған байланысты 2022 жылғы 2 қарашада меншік иесіне № 174 нұсқама беріліп, онда жер телімін 2023 жылғы 2 қарашаға дейін нысаналы мақсатына сәйкес игеру міндеті жүктелді. Алайда көрсетілген мерзімге дейін жер телімі игерілмеген. Осыған байланысты Батыс Қазақстан облысы мамандандырылған экономикалық сотының шешімімен аталған жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылды, — делінген ресми жауапта.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!