Осы мақсатта Гарвард университетінің әртүрлі пән бағытындағы ғалымдарын біріктіретін жобасы – Harvard Growth Lab аналитиктері «Экономикасының күрделілігі рейтингін» (ECI) түзді. Бұл туралы Іnbusiness.kz порталы мәлімдеді.

Сондай-ақ, сәуірде осы рейтинг негізінде 5 жыл қолданыста болған дүниежүзі елдерінің «Экономикалық күрделілік атласы» жаңартылды.

Сонымен, жетекші ғалымдардың пікірінше, бұл Атласта Орталық Азия аймағының шын мәніндегі лидері ретінде Өзбекстан танылды. Ол экономикасының күрделілігі, диверсификациялануы жөнінен жаһандық рейтингте 25-орынға шығандай көтерілді.

«Өзбекстан соңғы жылдары халықаралық деңгейде үздік саналатын озық өсімді паш етуде. Сарапшылардың байламынша, Өзбекстан экспорты әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті бірден 162 өнім аталымына ие. Бұл оның әлемдік нарықтағы зор әлеуетін растайды», – деп хабарлады Harvard Growth Lab аналитиктері.

Экономикалық күрделілік жөніндегі әлемдік рейтингте Өзбекстан қайран қалдырарлық өсім танытып отыр.

Нәтижесінде, биыл өзбек елі жер-жаһандағы экономикалық әлеуетті 145 мемлекеттің ішінде 80-орынға шықты.

Орталық Азияның өзге елдерінің көрсеткіштері келесідей:

  • Қырғызстан – 59-орын,
  • Қазақстан – 84-орын (бірден 6 позициясын жоғалтып, төмен құлдырады),
  • Тәжікстан – 124-орын (5 позицияға жақсартты),
  • Түрікменстан – 126-орын (12 позиция жоғалтты).

Әлем бойынша көш басында Швейцария, Жапония, Сингапур, Тайвань мен Оңтүстік Корея тұр.

Мұнда Орталық Азияда осы көрсеткіш бойынша Қырғызстан озық тұрғандай көрінеді. Сан бойынша солай. Алайда Гарвард сарапшылары сапа бойынша мұны уақытша құбылыс санайды, ол Ресейдің санкциядан құтылуына дейін ғана созылуы мүмкін.  

Өйткені Қырғыз Республикасының бір жылдық экспорты 3 миллиард долларды құраған. Оның ішінде 45%-ын қырғыз жерінен өндірілген алтын мен бағалы металдардың концентраты еншіледі.

Одан кейінгі «ТОР-10» тауарлар тізімінде ұялы телефондар, шетелдік автомобильдер, мыс сынығы, тұрмыстық техника сияқты өнімдер және көмір тұр. 2023 жылдан бері олардың импорты да, экспорты да күрт өскен.

Бұл жерде республика осы тізімнен тек металлургия мен көмірді өзі өндіретіні түсінікті. Сарапшылар қалған өнімді санкциядағы Ресей сұр импортпен Еуразиялық одақ мүшесі Қырғызстан арқылы таситынын айтып жүр.

Сондықтан нағыз көшбасшыға мән берген Гарвард мамандары Өзбекстанның экспорты жыл сайын орта есеппен 20,5% өсіп отырғанына екпін түсірді.

Бұл дүниежүзіндегі үздік көрсеткіштердің бірі және қарқыны ОА аймағындағы барлық елдерден әлдеқайда көп. Соның арқасында ел экономикасы орнықты өсімді паш етіп келеді.

Бұл ретте өзбектің шикізаттық емес экспорты жыл сайын орташа 21,9%-ға артуда. Бұл әлемдік орташа деңгейден көп жоғары.

Соңғы 5 жылдағы экспортының өсуіне ең қомақты үлес «орташа өңдеудегі» өнеркәсіптік тауарларға тиесілі.

Барынша күрделі өнімдерге ие өндірістер арасында өсім қарқыны бойынша алдыңғы орынға машинажасау (89%), өнеркәсіптік жабдық (77%), электротехника (59%) шықты.

Өзбек экспорты әртараптана түсті және 5 жылда экспорттық тауарлары қатарына жаңа 67 өнім қосылған.

«Өзбекстан төл экспорттық портфеліне 67 жаңа өнімді қосты және оларды жаһандық нарыққа жеткізуден қосымша 2,1 миллиард доллар пайда тапты. Бұл мемлекеттің диверсификациялау стратегиясының табыстылығын және елдің бәсекеге қабілеттілігінің артқанын айғақтайды. Осы жаңа өнімдердің өзі Өзбекстан халқының жан басына шаққандағы табысын тағы 59 долларға арттырды», – деп атап өтті Harvard Growth Lab эксперттері.

Америкалық ғалымдардың байламынша, Өзбекстанның экономикасы 2033 жылға дейін кем дегенде 5,6%-дап артып отырады. Осы арқылы өсім қарқыны бойынша әлемдегі (!) №2-ші елге айналады.

Әйтсе де, одан көп болуы мүмкін: Өзбекстан жалпы ішкі өнімі 2021 жылы – 7,4%-ға, 2022 жылы – 5,7%-ға, 2023 жылы – 6%-ға, 2024 жыл қорытындысында – 6,5%-ға ұлғайды. Яғни, америкалық аналитик-зерттеушілер сақтық танытып белгілеген 5,6%-дан әлдеқайда көп.  

Орталық Азияның өзге елдері экономикаларының 2033 жылға дейінгі өсімі бойынша болжам келесідей:

  • Тәжікстан ЖІӨ-сінің орта есеппен жыл сайынғы өсімі – 4%,
  • Қырғызстанда – 3,9%,
  • Қазақстанда – 3,6%,
  • Түрікменстанда – 2,7%.

Гарвард ғалымдары Өзбекстанның өз экономикасын құрылымдық трансформациялау бағытында үздіксіз ілгерілеп келе жатқанын атап өтті. Осы мақсатта өзбек Үкіметі ресурстарды, қаражатты ауыл шаруашылығы сияқты өнімділігі төмендеу секторлардан электроника, машинажасау сияқты жоғары өнімділікті салаларға қайта бағдарлап жатыр.

Мысалы, қазіргі кезде Өзбекстан картопты, бидайды, басқа да дақылдарды өзінде өсіруді азайтып, оларды Қазақстаннан, Қырғызстаннан және Тәжікстаннан тасиды. Яғни, шикізаттық экономикадан кетіп, қосылған құны жоғары өнімдерге ден қойды.

Гарвард университетінің зерттеушілері Өзбекстанға «қазіргіден де күрделі өнімдерге көшу бойынша рекомендациялар» берді.

Онда әлемдік нарықта кең сұранысқа ие 50 үздік жаңа өнімнің өндірісін жолға қою ұсынылды. Олардың әлемдік нарығы 580 миллиард долларды құрайды.

Бұдан бөлек, жеңіл өнеркәсіпте жаһандық нарығы 370 миллиард доллар болатын 29 тауар түрін Өзбекстанның шығара алатын әлеуеті бары айтылды.

Бұған қоса, өзбек еліне ауыл шаруашылығының 14 жаңа тауар түрін өндіруге көшуге кеңес берілді. Сонда қосымша 117 миллиард доллар табыс таба алады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!