Аймақтағы туризмнің дамуына жастар қандай үлес қоса алады? Осы тақырыпты қоғамдағы белсенді жас мамандармен бірге талқылаудың сәті түсті. Жаңашылдыққа жақын жастар өңірдегі көрікті жерлерді одан әрі қалай дамыту керектігіне тоқталды.

Аймағымызға келушілердің басым көпшілігі Байқоңырдағы зымыран-тасығыштың ұшырылым сәтін тамашалауға, Қорқыт ата мемориалдық кешеніне және Сығанақ, Жанкент сынды көне-тарихи, мәдени қалашықтарды көруге келеді. Түбі бір түркі жұртына ортақ Қорқыт ата мемориалдық кешеніне арнайы келетін турист көп. Содан болар, Қызылорда облысы республика бойынша туристер жиі келетін өңірлер қатарында.

Айгүл БОРАНБЕКҚЫЗЫ, Қорқыт ата музейінің ғылыми қызметкері:  

‒ Қорқыт ата мемориалдық кешеніне келушілерді қызықтыратын негізгі нысан ‒ қобыз бейнесіндегі ескерткіш. Кешен Самара-Шымкент тасжолында орналасқан соң жолаушылар «мұнда не бар екен?» деп арнайы ат басын бұрады. Әрі ескерткіш биіктігі ‒ 12 метр, сондықтан алыстан көрінеді. Ал жергілікті жұрт үшін тарихи орын бұрыннан таныс. Музейде Жанкент, Шірік-рабат, Жетіасар алқабынан табылған түпнұсқа жәдігерлер мен тарихи экспонаттар бар. Деректі фильмдер мен күйлер топтамасы да осында қамтылған.  

Алыстан келетін жолаушылар үшін кешенге қарама-қарсы бетте арнайы  орталық салынған. Онда намазхана, асхана, қонақүй қызметі қарастырылған. Кешенді аралау тегін, музейге кіру құны – 200 теңге, ал экскурсия ұйымдастыратын гид жұмысы ‒ 600 теңге, ‒ дейді маман.

Аймақтағы туризмнің хал-ахуалын білген соң, сын көтермейтін сапа мәселесіне ауыстық. Отандық туризм десе, көпшілік «бағаның қымбат, қызмет көрсету сапасының төмен» екеніне шағымданады. Бұл пікірді Қазақстанның түпкір-түпкірін шарлаған саяхатшы Эльмира Әбдінәбиқызы да жоққа шығармайды. Осы кезге дейін жолдасының қызмет бабына байланысты облыстың алты ауданында тұрған Эльмира Әлиева 2018 жылдан бері «Инкрузис» компаниясының маркетинг директоры ретінде адамдарды теңіз үстінде саяхаттауға шақырып келеді. Айта кетейік, Америкадағы бұл компания қазір дүниежүзіндегі 180-нен аса мемлекетпен жұмыс жасайды. Шетелдегі жүйені жақсы білетін жиһанкез тілдесу барысында туризм жайлы тың ұсынысын айтты.  

Эльмира ӘЛИЕВА, саяхатшы, «Инкрузес» компаниясының маркетинг директоры:

‒ Саяхаттау отбасылық дәстүріміз. Жолдасыммен бірге Қазақстанды түгел шарлап,  Арал теңізі мен Каспий теңізі, Қаратау мен Алатаудан әрі асып, Тянь-Шаньнан өтіп Қытайға дейін барып қайттық. Қырғызстан мен Өзбекстанның таулы аймақтарында да болдық.

Қазақстанның қай өңіріне барсаңыз да, қызмет көрсету сапасы төмен. Мысалы, Өзбекстанда сізді есік алдынан құшақ жая қарсы алады, бар болса да, жоқ болса да күліп жауап береді. Өздері сондай қонақжай. Еліміздің батыс аймағынан мұндай кішіпейіл көңілді байқамадық.

Былтыр Грузияның Баржоми санаториясында болдық. Мемлекет Кеңес үкіметіндегі жұпыны күйімен дамымай қалған, бірақ санаторий қызметі бізден әлдеқайда озық. Сондай-ақ лайнермен Италия, Испания, Франция, Корсика мемлекеттерінде  болдық. Еуропа шынымен туризм саласында алда келеді, адамдары үнемі күліп жүреді, тазалығы да керемет, мәдениеті де жоғары. Баға тұрғындардың жалақысына сай. Олардың ең төменгі айлығы 2000 доллар болғаннан кейін оларда бір бөтелке су 2 евроға сатылады. Тұрғындар үшін бұл қалыпты жағдай. Бұл мемлекеттер тарихи құндылықтарын жақсы сақтаған, сондықтан Астана,Түркістан қаласы тәрізді қайта өсіп жатқан жоқ.

Жалпы Қазақстанда туризм енді ғана басталып келе жатыр. Мен ел ішінде саяхаттауға туристік агенттік көмегін пайдаланған емеспін. Бірақ баға жоғары, сапа төмен деген пікірге қосыламын. Оған халық кінәлі емес, өйткені туристік орта қалыптастыру үшін қыруар қаражат қажет. Жұмысты жүргізу үшін қанша адамды оқытады, жатын орын, тамақ сатып алу, оны дайындау, коммуналдық төлем бағасы бәрі-бәрі қымбат. Бұл шығынның бәрі қонақ үй иесіне немесе кәсіпкерге ауыр тиеді. Шетелде баға шынымен арзан. Неге? Өйткені олар дайын өнімді сатып алмай, өз-өздерін қамтамасыз етеді. Мысалы, Түркия елін алайық. Олардың демалыс орындарының жанында көкөністің түр-түрі өсіп тұр, өздерінің мал жайылымдары бар. Әрі олар мәдениеттілікке үйренген. Егер қонақүй ашатын болса, қызметкерді өздерінің жеке мектебінде үйретеді. Әркімнің нақты өз міндеті бар, мысалы, асханада жүрген аспаз тек тамақ дайындайды,  бірі тек ыдыс жуады деген сынды. Бізде мұндай мектептер жоқтың қасы.

Меркіде саяхаттап жүрген уақытта гид сол жердің тарихын жақсы түсіндіріп берді. Сол тұсы маған қатты ұнады. Мәскеу мен Еуропаға барсаңыз да саяхатты алдымен тарихынан бастайды ғой. Бізде туризмнің осы тұсы еленбей тұр. Тек бәрін жаңарта беру керек. «Ана ел анадай, мына ел мынадай» деп жаңалай бергенше, өзімізде бар киелі орындардың тарихын түбегейлі біліп, таза ұстап, халыққа насихаттаған дұрыс.

Мұндай мәселенің шешу жолы қайсы десек, біріншіден, отандық туризмге арнайы субсидия бөлінгені жөн. Осы орайда өңірлердегі жағдайды да айтқым келіп отыр. Қамбашта тек киіз үйлерді салып қойған, өз басым ғимараттарын көрген емеспін. Барған кезде көлден басқа ештеңе байқамайсың. Шижағаға барсаңыз, Аралдың құмы қандай?! Сахарада жүргендей боласыз ғой. Сол жерге келген туристерді түйеге мінгізіп, дәл Түркия, Дубайдағыдай дамытуға болады. Ол үшін келушілерге жақсы жарнама керек. Ал оны жасау үшін тағы да қыруар қаржы қажет. Үкімет оған көңіл бөліп отырған жоқ. Ақшасы бар адамдарға ғана елде демалуға мүмкіндік бар, бірақ олар Қазақстанға қарағанда шетелді таңдайды.

Екіншіден, бізде мамандарды арнайы оқытатын жер жоқ. Қонақүй қызметкері, даяшы, гидтерді жеке-жеке оқыту керек. Туризм саласында білім алған жастар көп жағдайда шетелге кетеді. Сосын елге қайтып келгісі келмейді, өйткені ақша аз, құжат көп. Сол үшін жастарды туризм саласына тегін оқыту керек. Мысалы, Қамбаш туризмі, Бәйгеқұм туризмі деген сынды бағыттарды бөліп қарастыру қажет. Себебі жеріне қарай қызмет көрсету түрі бір-біріне ұқсамайды, ‒ дейді саяхатшы.

Талай жерге табаны тиген жиһанкездің сөзінен кейін, ұшақтан түскен туристі құшаққа қысатын қонақжай маманның болмағанына қынжылдық. Осы мәселені айта бастағанда есімізге алдымен ЖОО-ның түсуі қалыпты жағдай. Расында университет қабырғасында жыл сайын жас мамандар білім алып, біліктілігін шыңдайды. Бірақ сала қызметкері ішкі туризмдегі түйткілдің себебі басқа екенін алға тартты.

Ағжан КӘРІБОЗОВА, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің оқытушысы:

  ‒ Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде 2018 жылдан бастап «Туризм» мамандығы оқытылады. Білім алушыларға «қызмет көрсету саласының бакалавры» біліктілігі беріледі. Туризм мамандығына республика бойынша жыл сайын 500-ден аса мемлекеттік грант, облыс әкімінің де атаулы білім гранты бөлінеді. Айта кетейін, соңғы уақытта осы салаға қызығушылар саны артып келеді.

Жалпы аймақ туризмі жан-жақты талдауды қажет етеді. Облыс бойынша туристік танымдық мәлімет беретін ақпараттық сайттың жоқтығы өңірдегі жарнама қызметінің деңгейін көрсетеді. Сол үшін аймақтың  туристік брендін цифрлық платформаларда насихаттауды ұйымдастыру қажет.

Облыстағы туризмді дамыту үшін туризм саласын басқару органдары мен туризм мамандарын даярлайтын оқу орындарын және туристік индустрияда қызмет етіп жатқан турфирмалардың басын біріктіру керек деп есептеймін. Осы үш сала мамандары бірігіп, бағыттарын анықтап алса, тиімдірек болады деп ойлаймын, ‒ дейді ол.

Тарихқа көз жүгіртсек, Қазақстан 1993 жылы дүниежүзілік туризм ұйымына мүшелікке қабылданған. Содан бергі 28 жылда ішкі туризмнің шаруасы шарықтамай, шатқаяқтап тұрғаны жиі-жиі айтылып келеді. Көрікті жерлер бола тұра, жарқыратып көрсете алмаған билікке айтылар сын көп. Алайда бұл түсінікке қарама-қайшы уәж айтатындар да бар. 

Абылай МАХАНБЕТӘБДІҰЛЫ, «Orda travel» туристік агенттігінің қызметкері:

‒ «Еліміздегі туристік орындардың сапасы сын көтермейді» деген пікірмен мүлде келіспеймін. Баға да, қызмет көрсету сапасы да ойға қонымды. Бұл бағытта турагенттер қарқынды жұмыс істеп келеді. Сөзімізге шетелдік туристердің ел аумағына жиі келуі дәлел.

Келешекте Қазақстан халықаралық туризм нарығына енуді межелеп отыр. Себебі туризм – әлемдік экономиканың маңызды саласы, табысты бизнес көзі. Бүгінде Елбасы тапсырмасына сәйкес Үкімет туризм саласына айрықша көңіл бөлуде. Қазақстанға туристердің қызығушылығын арттыру мәселесі де Ұлт жоспары реформасының 57-қадамында айтылған. Онда туристік кластерлер құруда үздік тәжірибесі бар стратегиялық инвесторлар тарту қажет деп көрсетілген. Оған негіз де жоқ емес. Себебі Қазақстанның қай өңірін алып қарасаңыз да табиғаты туризмді дамытуға қолайлы. Соның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысындағы Қазығұрт, Төлеби, Түлкібас сынды көрікті аймақтар мен ондағы шатқалдар туристерге жақсы демалыс сыйлайды. Осы тұрғыда «Orda travel” өзінің сапалы қызметімен және қолжетімді бағасымен Қызылорда қаласы тұрғындарына ғана емес, Арал, Қазалы, Байқоңыр, Қармақшы, Жалағаш, Тереңөзек, Шиелі, Жаңақорған және түркістандық саяхатшыларды да қуантуда.

Қазір аймақ тұрғындары үшін Шымкент қаласынан 80 км жерде орналасқан «Тау самалы» демалыс орнына саяхат ұйымдастырып жүрміз. Ал алдағы уақытта демалушыларды Бурабай, Меркі сынды көрікті жерлерге апаруға тырысамыз. Мұның бәрі ішкі туризмді дамытуға әсер етеді деп ойлаймын, ‒ дейді ол.

Жоғарыда сала мамандары айтқан пікірлерге сүйенсек, бізде шетелдегідей сервистің қалыптаспауына қаржы тапшылығы, жарнама жеткіліксіздігі, ақпараттық қолдаудың аздығы, білікті кадрлардың жоқтығы әсер етуде. Осы орайда әріптесіміз Нұрбек Әмишаның ішкі туризмді дамытуға арналған ұтымды ұсынысына құлақ асып, сала сарапшысы Нұржан Әбдіразақовтың орынды пікіріне назар аудардық.

Нұрбек ӘМИША, журналист:

‒ Өзбекстан биыл Мойнақ әуежайын жаңартып, эйрбас қондыратын жағдай жасап қойды. Мойнақ ‒ Арал теңізінің жағасында орналасқан қала әрі Қарақалпақстанның орталығы. Бар-жоғы 13 мың халқы бар қаланың әуежайына өзбек билігінің көңіл бөлуі тегін емес, себебі Мойнаққа туристер көп келеді. Арал теңізінен қайырлап қалған кемелер де тек сол Мойнақ бетте тұр, өзбектер қалған-құтқан кемелерді жинап, күзет қойып, туристерге көрсетіп отыр.

Ал Қазақстан жағында кешегі Арал теңізінің куәгері деп ұсынатын бірде-бір корабль қалмады, барын пысықтар кесіп-кесіп, темірге өткізіп жіберді. Қытайдан келген бір трактордың ішкі сайманынан «Аральское море» деген жазу шықты деп ырқылдап күлген қазақты көріп, кеме сатқыштардың «ерен еңбегі» еш кетпеген екен дедік.

Әлемде Dark tourism (қара туризм) деген ұғым бар, адам қолымен жасалған апаттар, қырғындардың орнын туристерге көрсетіп, тақсіретті тарихты сезіндіріп, сол арқылы ел бюджетін қампайтады. Өзбекстан сол сұранысты дөп болжап, Аралға адам тартып жатыр. Оған территориясының кішкентайлығы мен тарихи, көне қалаларының көптігі де әсер ететін шығар.

Біз тарап ше деймін ғой. Бізде де қара туризмге тән нәрсе көп: тартылған Арал, Кіші Аралдың толтырылған тостағаны, тек кеме жоқ. Қаңырап кеме жатпаған соң, аңырап «Арал осындай болып еді» дегеніңізді немесе «Ғасыр құрылысы ‒ Көкарал бөгетін салдық» деп жар салғаныңызды көруге ешкім келмейді.

Қара туризм тізімінде Өзбекстан тарапынан тек Арал теңізі ғана еніпті, ал Қазақстаннан Аралмен қоса, онымен жапсарлас жатқан Байқоңыр ғарыш айлағы, әрісі КарЛаг, Курчатов, Семей полигоны бар. Инфраструктурасы дұрыс ұйымдастырылса, қара туризмді бізде де дамытуға болатын секілді, ‒ дейді.

Нұржан ӘБДІРАЗАҚОВ, туризм саласының сарапшы маманы:

‒ Бізде туризм жүйесін дамыту кеш жүргізілуде. Тіпті Қазақ туризм ұлттық компаниясының ашылғанына да көп бола қойған жоқ. Осыған дейін бұл сала мемлекеттік басқаруда болды. Жалпы ішкі туризмнің тұралауына ішкі нарықта бәсекенің болмауы мен жарнама жеткіліксіздігі әсер етуде. Ел арасында туристерге қызмет көрсететін қонақүй, мейрамхана саны аз, сәйкесінше бәсеке болмаған соң нарықта бар компаниялар қалаған бағаны ұсынуда. Сондықтан бізге туризммен айналысатын кәсіпкерлер ауадай қажет.

Бізде жарнама мен ақпараттың аздығынан елдегі көрікті орындар жайлы тұрғындар біле бермейді. Соның әсерінен халық арасында туризм менталитеті қалыптаспаған. Осы орайда Ұлыбританияны мысалға алсақ, ағылшындар жылына аядай ғана Англияның бірнеше қаласына барып келеді. Ал бізде өз жерімізге қызығушылық танытатын адам аз. Адамдар  көбіне басқа өңірге ем алуға немесе қонаққа баруы мүмкін. Бірақ ол кезде қонақүй қызметін пайдаланбайды, яғни ішкі айналымда ешқандай қозғалыс болмайды. Ал шетелде басқаша. Айталық, Мончестрда тұратын азамат Лондонға қыдырып барса, сол жердің мейрамхана, қонақүй қызметі үшін ақы төлеп,  айналымға қаржы қалдырады. Ал бізде әлі күнге дейін мұндай жүйе қалыптаспаған. Бұл жерде халықтың жалақысы аз деп қаржы факторын да ескеруге болады, бірақ саяхат үшін ақшаның көп болуы шарт емес. Мүмкіндігінше туризмнің арзан түрін қарастыруға болады.

Ішкі туризмді сырттан келетін кіріс деп емес, ақша айналымының көзі деп есептеген дұрыс. Адамдар отандық туризм қызметін пайдаланса, нарықта ақша айналымы пайда болады. Бұдан қаржы көзін тапқан кәсіпкерлер жаңа жұмыс орындарын ашады. Бір сөзбен айтқанда, туризм арқылы халық жұмыспен қамтылады.

Енді отандық туризмді дамыту жолдарына келсек, біріншіден әр облыс ай сайын немесе жыл сайын фестиваль ұйымдастыру керек деп ойлаймын. Сол фестиваль арқылы Қазақстанның әр өңірінен туристер тарту қажет. Сол өңірдің мәдениетін, жергілікті салт-дәстүрін көрсетуге арналған іс-шаралар ұйымдастырып, ішкі туризмді дамытуға болады.

Екіншіден, әр өңірдің ерекшелігіне байланысты туристік өнім жасаған дұрыс. Мысалы, Түркістан облысын көкпардың немесе шығыс тағамдарының орталығы ретінде жарнамалуға болады. Осылай әр өңірге сәйкес позиция болу керек.

Жалпы туризмді дамытудың жолдары көп. Соңғы уақытта жарнама жасаудың тағы бір жолы ретінде фильм туризмі ұсынылуда. Фильмдерде белгілі бір өңірдің ерекшелігін көрсету арқылы сол жерді жарнамалауға болады. Мысалы, Жаңа Зеландия «Хоббит», «Властелин колец» киноларын осы мақсатта түсірген. Сәйкесінше әлемдегі осы фильмнің фанаттары Жаңа Зеландияға ағыла бастады. Турист саны артқан соң,  мемлекетке қыруар қаржы құйылды. Сол сияқты бізге сырттан келетін туристер үшін болмаса да, ел ішінде  ішкі туризмді насихаттау мақсатында жақсы фильмдер түсіруге болады, ‒ дейді ол.

ТАҚЫРЫПТЫҢ ТҮЙІНІ. «Тәңірге ғибадат етудің ең ғажап түрі ‒ Оның жаратқан әр сұлу құбылысына тамсану» деген тамаша тәмсіл бар. Анығында, ел аумағында туристер таңдай қағатын көрікті жерлер көп. Тек табиғаттың сондай көркем тартуын уақыт талабына сай ұқсата білсек, қанекей?! Осы орайда жоғарыда айтылған ұсыныстарға көңіл бөлген жөн тәрізді.

Гүлдана ЖҰМАДИНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!