Фото: Ә.Төлебай
Патриоттық тәрбие – ел болашағының темірқазығы. Отанды сүю, елге адал қызмет ету, тәуелсіздіктің қадірін түсіну – әрбір жас ұрпақтың жүрегінде мәңгілік от болып жануы тиіс қасиеттер. Ел ертеңі саналатын жастардың бойында осындай рух пен ерлік қасиеттерді қалыптастыру – бүгінгі қоғамның басты міндеті.
Осы мақсатта 25 қазан – Республика күніне орай ҚР ҰҚК Шекара қызметі Қызылорда облысы бойынша департаментінің «Байқоңыр» шекара бақылау бөлімі №273 мектебінде жасөспірімдермен әскери-қолданбалы спорт сайысын ұйымдастырды.
Бұл жарыс – тек күш сынасудың емес, рух пен намыстың додасы болды. Төрт командадан құралған 60 қатысушы өздерінің табандылығын, төзімділігін және нағыз жауынгерлік мінезін көрсетті. Әр қатысушының маңдайынан аққан тері – қаншама күндік еңбектің, қажыр мен жігердің жемісі еді.
Сайыс кезеңдері бірінен бірі қызықты өтті. Белтемірге тартылу, денені жерден көтеру, оқжатар жинау сияқты сынақтар қатысушылардың физикалық және психологиялық дайындықтарын айқындап берді. Ал АК-74 автоматын шашып-жинау сәті – нағыз шеберлік пен ептіліктің сын сағаты болды. Жас сарбаздар көз ілестірмес жылдамдықпен қаруды шашып-жинап, өздерін болашақ шекарашыдай сезінді. Олардың әр қимылынан батыр бабалардың рухы сезілді. Расында да, бұл – Бауыржан Момышұлының, Әлия мен Мәншүктің ізбасарларының жаңа буыны еді. Арқан тарту жарысы сайыстың ең тартысты кезеңіне айналды. Финалда екі мықты команда бір-біріне дес бермей, бар күшін салды. Зал іші толы эмоция, жанкүйерлердің айқайы, топтың бірлігі – бәрі шынайы рух пен намыстың көрінісі болды. Ақырында күш пен ынтымақ жеңіп, үздік команда бірінші орынды иеленді.

Сайыс соңында жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен және мақтау қағаздарымен марапатталды. Бірақ бұл жарыста басты жеңіс – рухтың, достықтың және Отанға деген сүйіспеншіліктің жеңісі болды. Осындай іс-шаралар жасөспірімдердің бойында отансүйгіштік қасиетті, батылдық пен табандылықты қалыптастырады. Әскери-қолданбалы спорт сайыстары – болашақ шекарашылардың рухын шыңдайтын, ел қорғаны болуға жетелейтін маңызды қадам. Бұл дәстүрлі жарыстар алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, жаңа буын жауынгерлерді тәрбиелеуге үлесін қоса бермек.

Өйткені әрбір тамған тер – болашақ ел қорғаушының табандылығы мен Отанға деген шексіз сүйіспеншілігінің айғағы.
Ә.ТӨЛЕБАЙ,
аға лейтенант, «ОS-ЧР»
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!