Фото: Sputnik / Владислав Воднев
Sputnik. Жаңа жылдан бастап құрылыс компанияларынан дайын пәтерлерді ипотекаға рәсімдеуге мүмкіндік болады. Бұл туралы Отбасы банктің басшысы Ләззат Ибрагимова үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгінде банк салымшыларының басым бөлігі баспананы дайын күйінде сатып алуды қалайды. Себебі жөндеу жұмыстарына кететін шығын аз емес.
«Осыған байланысты банк құрылыс компанияларымен бірқатар кездесу өткізді. Олар порталға пәтерлерді дайын күйінде қояды. Ал сатып алушылар порталдағы пәтерді 10 пайызын салу арқылы алуға келісім береді. Бұл бастама 2025 жылы 1 қаңтардан бастап енгізіледі», – дейді Ибрагимова.
Отбасы банкінің Baspana.kz порталына пәтер шығаратын құрылыс компанияларына бір жыл бойы баспана бағасын өзгертуге тыйым салынған. Банк басшысының айтуынша, қазіргі кезде порталда 921 нысан тіркелген. Ал пәтерлердің жалпы саны 19 мыңға жуық. Бірақ құрылыс компаниялары көп жағдайда жөндеу жасалмаған баспананы ұсынады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!