Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

2025 жылғы қаңтар–маусым айларында жылжымайтын мүлік операциялары саласындағы көрсетілген қызметтердің көлемі 1,4 трлн теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 35,2% артты.

Қызмет құрылымында ең үлкен үлес тұрғын үйді жалға беру (субаренда) және басқару қызметтеріне тиесілі – 681,5 млрд теңге. Айтарлықтай көлем бизнес-орталықтарды, кеңсе ғимараттарын және әкімшілік нысандарды жалға беру мен басқару қызметтерінде де тіркелді – 180,9 млрд теңге. Сауда саласындағы көпфункциялы кешендер мен коммерциялық жылжымайтын мүлікті жалға беру және басқару 136,7 млрд теңгені құрады. Басқа санаттарға кірмейтін жылжымайтын мүлікті жалға беру және басқару көлемі – 106,2 млрд теңге.

Көппәтерлі және жеке тұрғын үйлерді сатып алу-сату операциялары 75 млрд теңгеге жетті. Басқа жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату көлемі 4 млрд теңге болды. Ең төмен көрсеткіш көрме және конференция залдарын жалға беру мен басқару сегментінде тіркелді – 554,8 млн теңге.

Өңірлік тұрғыда көрсетілген қызмет көлемі бойынша Алматы қаласы көш бастап тұр – 608,8 млрд теңге. Одан кейінгі орындарда Астана – 257,1 млрд теңге және Шығыс Қазақстан облысы – 97,4 млрд теңге.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!