SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Павлодардағы IT колледжінің 3-курс студенті Даниил Барт Google компаниясынан арнайы шақырту алып, Берлинде өтетін халықаралық Google I/O 2025 конференциясына қатысады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Google I/O — Еуропа, Азия, Таяу Шығыс пен Африка елдеріндегі ІТ саласының үздік мамандарын жинайтын ең ауқымды технологиялық шаралардың бірі. Даниил — техникалық құзыреттілік бойынша Google-дың қатаң іріктеуінен өткен әлем бойынша санаулы студенттің бірі.
– Бұл конференция жасанды интеллект, Android, бұлтты технологиялар мен веб-платформалар бойынша білімімді тереңдетуге мүмкіндік береді. Осындай ауқымды шарада Қазақстан атынан қатысатыныма өте қуаныштымын, – дейді студент.
Google компаниясымен оның серіктестігі 2023 жылы басталған. Колледжге енді түскен кезінде-ақ Даниил елімізде Google ұйымдастырған техникалық шаралар мен байқауларда волонтерлік етіп, кейін осы команданың белсенді мүшесіне айналды.
Мектеп кезінен бағдарламалауға қызығушылық танытқан ол кейін түрлі хакатондар мен байқауларға қатысып, бірнеше мәрте жүлдегер атанды. 2023 жылы WorldSkills Kazakhstan байқауында алтын медаль иеленсе, 2024 жылы Иранда өткен халықаралық турнирде үздік ондықтың қатарына енді. Сонымен қатар «Тәуелсіздік ұланы» сыйлығының лауреаты және Google қауымдастығы аясында бірнеше жобаның авторы.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!