Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов волонтер Перизат Қайрат ісіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қылмыстық істің материалдарымен оған қатысы бар тұлғалар танысып жатыр. Перизат Қайраттың өзі созғандықтан, біз оны нақты кестеге қойдық. Кесте бойынша танысу 9 маусымда аяқталады. Кейін тағы 3 күн өтініш жасауға беріледі. Содан кейін 10 күннің ішінде прокуратура сотқа жіберуге шешім қабылдайды, – деді ол Мәжіліс кулуарында.
ҚМА өкілі атағандай, қылмыстық іс бойынша күдікті ретінде екі адам, яғни Перизат Қайрат пен оның анасы танылып отыр. 2025 жылдың 4 сәуірінде Перизат Қайраттың анасы Гайни Алашбаева үй қамаққа алынған болатын.
Еске сала кетейік, Перизат Қайраттың ісі бойынша соңғы жаңалықтарға сәйкес, тергеу аяқталып, қазір сотқа дейінгі іс материалдарымен танысу кезеңі жүріп жатыр. Қазіргі уақытта күдікті ретінде Перизат Қайрат пен оның анасы Гайни Алашбаева танылып отыр. Оларға аса ірі көлемде алаяқтық жасау және қылмыстық жолмен табылған ақшаны заңдастыру баптары бойынша айып тағылып отыр.
Тергеу барысында анықталғандай, 2021 жылдан 2024 жылға дейін Перизат Қайрат түрлі қайырымдылық акциялары арқылы жалпы сомасы 3,5 миллиард теңге көлемінде қаражат жинап, оны өз пайдасына жаратқан. Мұндай қаражаттар негізінен балаларға, су тасқынынан зардап шеккендерге және Палестина халқына көмек көрсету үшін жиналған деп көрсетілген. Алайда, тергеу барысында бұл қаражаттардың көп бөлігі оның жеке қажеттіліктеріне, соның ішінде сәнді киімдер, әшекейлер, көліктер мен жылжымайтын мүлік сатып алуға жұмсалғаны анықталды. Сонымен қатар, ол осы қаражаттарды заңдастыру үшін жалған келісімшарттар жасап, жеке кәсіпкерлермен келісімдер жасаған.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!