Sputnik. Үш миллиардтан астам қаражатты жымқырды деп айыпталған Перизат Қайраттың ісі сотқа жіберілді, деп хабарлайды Бас прокуратура.

Перизат Қайрат пен анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты қылмыстық істі Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты қарайды.

«Олар ел азаматтары мен ұйымдарынан мүгедек балаларға, сондай-ақ Қазақстанда су тасқынынан және Таяу Шығыстағы қақтығыстан зардап шеккен адамдарға қайырымдылық көрсету желеуімен жиналған 3 миллиардтан астам теңгені жымқырды деп айыпталады», – дейді Бас прокуратура.

Еске сала кетейік, 14 қарашада қаржылық мониторинг агенттігі «Biz Birgemiz» қайырымдылық қорының басшысы Перизат Қайраттың ұсталғанын мәлімдеді.

Перизат Қайрат көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін жиналған 1,5 млрд теңгеден астам қаражатты жымқырды деген күдікке ілінді. Ол қайырымдылықтың негізгі бөлігіне қымбат сән бұйымдары мен жылжымайтын мүлік сатып алған. Күдікті алаяқтық жолмен 3,5 млрд теңгені жымқырған.

Қоғамда резонанс тудырған Перизаттың қылмыстық ісіне анасы Ғайни Алшабаеваның да қатысы бар деген күдікпен тергеу жүргізілді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!