Полиция әлеуметтік желілерде Қостанай облысының шекарасындағы әскери қызметшілердің қақтығысы жайлы жалған ақпарат таратқан азаматты ұстады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Мәлім болғандай жалған ақпарат таратқан 52 жастағы тұрғын екен. Ол кінәсін мойындады.

“Ер адам Қостанайда өтіп бара жатқан әскери техника колоннасын көріп, видеоға түсіргенін және болып жатқан оқиғалар туралы ақпаратсыз жағдайға түсініктеме бергенін айтты. Ол бұл бейнені туыстарына «Ватсап» мессенджерінің чатына жіберген. Осы факті бойынша Қылмыстық кодекстің 274-бабы 2-бөлігінің 3-тармағы бойынша «бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникация желілерін пайдалана отырып көрінеу жалған ақпарат тарату» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды”, – делінген хабарламада. 

Полиция жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік бар екенін және азаматтарды мәліметтерді таратпас бұрын олардың дұрыстығын тексеруге шақырды. Бұл қауесеттерге бой алдырмау және нақты емес оқиғалардың айналасында дүрбелең туғызбау керек.

Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желіде Қостанайдағы Қазақстан-Ресей шекарасында қарулы қақтығыс болғаны, қазақстандық әскери техникалардың оқиға орнына аттанғаны туралы бейнежазба тараған еді. Кейін ІІМ мұны жоққа шығарды

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!