Фото: Zabnalog.ru

Ішкі істер министрлігі көлік жүргізушілерін полиция қызметкерлерінің жұмысына кедергі келтірмеуін сұрап, үндеу жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Poilisia.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.

ІІМ әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев кейінгі кездері БАҚ пен әлеуметтік желілерде полиция қызметкерлерінен жедел-профилактикалық іс-шаралардың өткізілуі туралы құжаттар талап етіп, олардың жұмысына кедергі келтіріп жатқан видеолар кең тарап жүргенін айтты.

“Жол қозғалысы” туралы заңда және жол жүру ережесінде көлік құралын тоқтату кезінде полиция қызметкерлері мен жүргізушілердің іс-қимылының нақты тәртібі айқындалған. Көлікті тоқтату кезінде полиция қызметкері өзін таныстырып, қызметтік куәлігін көрсетіп, тоқтату себебін түсіндіруі қажет. Жүргізуші өз кезегінде ішкі істер органдары қызметкерінің заңды талаптарын орындауға міндетті. Ал полиция қызметкері жедел-профилактикалық іс-шараның өткізіліп жатқанын растайтын құжаттарды көрсетуге міндетті емес”, – дейді Қайсар Сұлтанбаев.

Ол полиция қызметкерінің заңды талаптарын орындамай, қызметтік міндеттерін атқару кезінде оның жұмысына кедергі келтірген жүргізушіге 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынатынын ескертті. Немесе 15 тәулікке дейін қамауға алу түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!