Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Қазақстан Республикасы Президентінің алдағы инаугурациясына өзге мемлекет басшыларының қатыспайтынын айтты.

Бұған дейін Орталық сайлау комиссиясының отырысында Қазақстан Республикасының сайланған Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ант беру рәсімі 2022 жылғы 26 қарашаға белгіленгені белгілі болды.

«Ұлықтау рәсіміне қабылдаушы елде тіркелген дипломатиялық корпус, яғни елшілер шақырылды. Дәл осындай тетік 2019 жылы ұлықтау рәсімінде де қолданылған болатын», деді Сыртқы істер министрінің орынбасары Мәжілістің жалпы отырысында. 

Бір күн бұрын ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Президентті ұлықтау рәсіміне бюджеттен қосымша қаржы бөлінбейтінін айтқан болатын.

ОСК халық сайлаған Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Республикасының Президенті етіп тіркеді. Оған заңда белгіленген тәртіппен куәлік табыс етті.

Соңғы қорытынды бойынша Қасым-Жомарт Тоқаевқа 6 миллион 456 мың 393 сайлаушы, яғни 81,31 пайызы дауыс берді. «Барлығына қарсы» деген бағанды 460 мың 484 сайлаушы, яғни 5,8% таңдаған.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!