Қайрат Құдайберген Алматы оқиғасы кезінде жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру мен оған қатысты деген күдікпен ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Алматы прокуратурасына сілтеме жасап.

Ол Алматы қаласы Полиция департаментінің уақытша ұстау орнына қамалды. «Алдын ала тергеу бойынша Қ.Қ. Құдайберген А.Б. Жұмагелдиевпен («Дикий Арман» деп аталатын) бірге «Қазақстан» қонақ үйінде адам жинауды ұйымдастырып, Жұмагелдиевтің айналасына бірігуге, оны қолдауға және биліктің бірыңғай талаптарын ұсынуға шақырғаны, сондай-ақ 10 адамнан «ұяшықтар» бойынша бөліп және олардың топтарының ерекшеліктерінің белгісі ретінде қолдарына ақ таңғыштарды таңуға нұсқау бергені анықталды.

Содан кейін Құдайберген мен Жұмагелдиев жинаған топ алаңға шығып, Жұмагелдиев төңірегіндегі митингілерді біріктіруге, алаңда жедел штаб ұйымдастыруға және билік алдында бірыңғай талаптар қоюға тырысқан», – делінген ресми хабарламада.

Прокуратураның хабарлауынша, Құдайберген-Жұмагелдиев ұйымдастырған бұл заңға қарсы акция зорлық-зомбылық пен түрлі дене жарақаттарына әкелген жаппай төбелеске ұласқан. «Құдайбергеннің жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыруы мен қатысуы «Қазақстан» қонақ үйінен, Жұмагелдиев тобының ұсталған қатысушыларының ұялы телефондарынан алынған бейнежазбалармен, куәгерлердің айғақтарымен расталады», – деді Алматы прокуратурасы. Еске салсақ, ҚР Бас прокуратурасы Алматы қаласы мәслихатының депутаты Қайрат Құдайберген қаңтар оқиғасының ісі бойынша ұсталғанын растады.

7 қаңтарда Алматыда полицейлер «Дикий Арман» лақап атымен танымал қылмыс әлемінің серкесі Арман Жұмагелдиевті ұстады. Кейін ҚР Бас прокуратурасы арнайы прокурорлар қызметінің бастығы Ризабек Ожаров «Дикий Арман» тобы 24 бейбіт тұрғынды ұрлап, күштеп ұстағанын айтты.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!