Күн райының қолайсыздығына орай, Атырау қалалық әкімдігінде жедел штаб құрылмаған. Ал, штаб жоқ деген сөз, қаланың жұмысында жүйелілік жоқ дегенді білдіреді. Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің төрағалығымен өткен отырыста осындай сын айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Атырау қаласының әкімдігі қар жауатынын бірнеше күн бұрын білді. Синоптиктер алдын ала дабыл қақты. «Штаб жоқ деген сөз, қаланың жұмысында жүйелілік жоқ» дегенді білдіреді. Облысқа қарасты барлық аудан жедел штабпен жұмыс істеп отыр. Әркім өзінің функционалдық міндетін білуі керек. Ең бірінші кезекте халық пен қоғамдық көліктер көп жүретін жолдар ашылуы тиіс деп шешім қабылдадық. Алайда, жұмыс көрінбейді. Әлеуметтік желіде тұрғындар әлі де наразы. Қала әкіміне бір аптада алгоритм жасақтап, штаб құруды тапсырамын. Сall-орталықтардың жұмысын жүйелеу керек. Егер нақты нәтиже болмаса, не тәртіптік, не кадрлық шешім қабылдаймын
, – деді Серік Шәпкенов.
Дегенмен, Атырау қаласының әкімі Мейірім Қалауидың айтуынша, қалада жұмыс жүріп жатыр. Әлеуметтік нысандар мен орталық көше, орталық көпірді тазалауға «Арнайы автобаза» ЖШС-нен 76 техника, 250 жұмысшы жұмылдырылған. Қаладан 8 ақпанға дейін 2 000 шаршы метр қар шығарылып, 85 тонна реагент себілді. Бірақ, ауылдық округтерде олқылық бар.
«Еркінқала, Дамбы, Қайыршақты ауылдық округтерінің елді мекендеріне қар көп жиналғандықтан, қоғамдық көліктер кіре алмады. Бұл тұрғындардың наразылығын тудырды. Қазір аталған округтерде қар тазаланып жатыр. Қысқа дайындық кезінде бізде арнайы штаб құрылады. Алайда, қазір штаб жұмыс істеп тұрған жоқ. Қалаға қарасты ауылдық округтерге қысқа дайындық кезінде қажетті техника алынды. Бірақ, әлі күнге жүргізушісі жоқ. Округтерге құрал-жабдық, техника, қаражат бөлінсе де, әкімдер іске асыра алмай отыр. Оның бәрін өзіміз ұйымдастырып бердік», – деді Мейірім Қалауи.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауды қалың қар басып, көлік қозғалысы қиындағанын жазған едік. Сондай-ақ, Атырауда күн райының қолайсыздығынан 2,5 күнде 190 адам жарақат алған.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!