SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 2025 жылғы 26 қазаннан бастап қандас мәртебесін алу мен ұзарту тәртібі жаңартылады. Енді бұл қызметті толық электронды форматта алуға болады.
Ішкі істер министрлігі хабарлағандай, өтініш Бірыңғай көші-қон қызметтері порталы, eGov.kz, мобильдік қосымша, Қазақстанның шетелдегі елшіліктері мен консулдықтары, сондай-ақ ХҚКО арқылы қабылданады.
Қандай құжаттар қажет?
Өтінішке үміткердің өмірбаяны мен жеке басын куәландыратын құжаттарының қазақ немесе орыс тіліндегі нотариалды расталған аудармасы қоса тіркеледі.
Сонымен қатар қазақ ұлтына тиесілілікті растайтын туу туралы куәлік, паспорт немесе өзге де ресми құжат ұсынылады.
Барлық материалдар түпнұсқа және көшірме түрінде өткізіледі, алайда мемлекеттік деректер базасындағы электронды нұсқаларды пайдалану мүмкіндігі де қарастырылған.
Барлығы ашық әрі жедел
Онлайн өтініштер автоматты түрде «Қандас» жүйесіне түседі. Оларды өңірлік жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармалары қарайды.
Қызмет тегін көрсетіледі, ал шешім үш жұмыс күні ішінде қабылданады.
Жаңа жүйе ашықтықты қамтамасыз етеді: егер құжаттарда қателік немесе күмәнді дерек болса, үміткерге алдын ала хабарланып, тыңдауға онлайн не офлайн қатысу мүмкіндігі беріледі. Тыңдау екі жұмыс күнінен кешіктірілмей өтеді.
Мәртебені ұзарту да жеңілдейді
Қандас мәртебесін ұзарту да енді оңай болмақ — өтініш жеке негізде қабылданып, мәртебе бір рет, алты айға дейінгі мерзімге ұзартылуы мүмкін.
Шешім екі жұмыс күні ішінде қабылданады, ал нәтиже автоматты түрде «Электрондық үкімет» жүйесіне жіберіледі.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
