Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған екі мыңнан астам қару әлі қылмыскерлердің қолында. Бұл туралы ҚР ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бұрын хабарланғандай, жаппай тәртіпсіздіктер барысында қару-жарақ дүкендерінен және құқық тәртібі органдарының әкімшілік ғимараттарынан қарудың 2 900-дан астам бірлігі, сондай-ақ 63 180 оқ-дәрі ұрланды. Ұрланған заттардың ішінде 35 граната атқыш, 8 пулемет, 268 автомат, 17 винтовка, 594 тапанша, 98 арнайы мылтық пен 239 жарақаттайтын тапанша бар. Осыған байланысты ішкі істер органдары ұрланған қаруды табу мен қайтарып алу бойынша белсенді іс-шараларды жалғастыруда», – деді Санжар Әділов Орталық коммункациялар қызметіндегі брифингіде.
Оның айтуынша, полиция қызметкерлері қылмыскерлер қаруды жасырған 215-тен астам орынды тапты. Олардан қарудың 721 бірлігі, оның ішінде 2 граната атқыш, 43 автомат, әртүрлі мылтықтың 189 данасы мен 11 мыңнан астам оқ-дәрі, сондай-ақ арнайы құралдар мен оптикалық жабдықтар алынды.
«Мәселен, Тараз қалалық полиция басқармасының қызметкерлері салынып бітпеген үйде қару сақталатын жерді анықтады. Онда Жамбыл облыстық полиция департаментінің ғимаратынан ұрланған «Калашников» автоматы мен оған жабдықталған оқжатарын, кесілген аңшы мылтығын, жарақаттайтын тапаншаны және 200-ден астам оқ табылды. Жалпы бүгін 1554 қару мен 39 мыңнан астам оқ-дәрі табылып, алынды. Оның ішінде 10 граната атқыш, 6 пулемет, 158 автомат, 348 тапанша, 113 арнайы мылтық, 216 жарақаттайтын тапанша мен тағы басқалар бар», – деді Санжар Әділов.
Департамент бастығының дерегінше, Жамбыл облыстық полиция департаментінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 2 жергілікті тұрғынды анықтады. Олар Алматы қаласында Абылай хан көшесіндегі «Қорған» дүкенінен ұрланған «Вепрь» кесілген қаруының 2 данасын, «Кольт» тапаншасын және әртүрлі калибрлі 61 оқты сатпақшы болған кезде ұсталды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды және соттың санкциясынан күзетпен ұстауға алынды. Сонымен бірге түсіндірме жұмысының нәтижесінде азаматтар қарудың 147 бірлігін өз еркімен тапсырды.
«Бүгінгі таңда қылмыскерлердің қолында ауқымды арсенал – ұрланған мүліктің 2 мыңнан астам бірлігі қалып отыр. Бұл дегеніміз – үлкен қауіп. Өйткені қылмыскерлер кез келген уақытта оны бейбіт азаматтарға қарсы пайдалана алады. Осы бағыттағы жұмыс жалғасуда және министрліктің ерекше бақылуында», – деді ол.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!