Қаңтардағы жаппай тәртіпсіздіктер кезінде ұрланған қаруларды табу шарасы жалғасып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Шұғыл профилактикалық шара барысында 4 089 қару мен 56 мыңнан астам оқ-дәрі табылды. Табылған қарудың 958 данасы қаңтардағы жаппай тәртіпсіздіктер кезінде қолды болған. Соңғы бір айда заңсыз айналымнан 420 дана қару алынды. Криминалистикалық зерттеу қорытындысы бойынша оның 25 данасы Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланғаны анықталды. Бүгінде қаңтардағы жаппай тәртіпсіздіктер кезінде ұрланған 2002 қарудың қайда екені белгісіз», – деді ІІМ тергеу департаменті басшысының орынбасары Нұрлан Дүйсенбаев ОКҚ-де өткен брифингте.

Оның айтуынша, ұрланған қаруларды іздеп, табу жұмысы жалғасып жатыр.

«Қаруды сатып алу науқаны кезінде азаматтар 1,5 мыңнан астам қаруды өз еркімен тапсырды. Олардың көбісінің қаңтар оқиғасына қатысы жоқ. Ол қаруларды азаматтар полиция есебіне тіркемей, үйлерінде сақтаған», – дейді ол.

Бұған дейін ішкі істер министрлігінің өкілі қаңтардағы жаппай тәртіпсіздіктер кезінде залал келіп, шығынға батқан бизнес субъектілерге мемлекеттен 14,6 млрд теңге өтемақы төленгенін айтты.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!