Қаңтар айынан бастап елімізде ақылы жолдардың ақауы бар 350 шақырымнан астам бөлігі үшін ақы алу тоқтатылады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Дархан Иманашев мәлімдеді.
Бүгінде барлық ақылы учаскелерді есептегенде шамамен 350 шақырымдай ақауы бар жол бөліктері анықталды. Осы тізім уәкілетті органға: Автомобиль жолдары комитетіне жолданды. Қазір учаскелерді нақтылау жұмыстары жүргізіліп жатыр, тиісті бұйрық бекітіледі, – деп атап өтті Дархан Иманашев.
Сонымен қатар ол жөндеу жұмыстарынан кейін учаскелерде ақылы жүйе қайта енгізілетінін ескертті.
Қаңтардан бастап бұл учаскелер ақылы режимнен шығарылады. Бірақ тағы қайталап айтамын, алдағы құрылыс маусымында осы жолдарды жөндеу жоспарланған. Жөндеу аяқталып, учаскелер толық пайдалануға берілгеннен кейін ақылы жүйе қайта енгізіледі, – деді «ҚазАвтоЖол» басшысы.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
