inbusiness.kz Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев Қарақалпақстанда шілденің 1-інде басталған наразылық акциялары кезінде Нүкіске бір емес, екі рет барды. Ол бейбіт тұрғындар мен тәртіп сақшылары арасында қаза тапқандар тіркелгенін мойындады. Көп кешікпей елдің Бас прокуратурасы Нүкістегі тәртіпсіздіктер барысында 18 адамның мерт болғанын растады.

Сонымен қатар жергілікті үкімет өкілі өзбек жаңалықтар сайтына мыңдаған адамның ауруханаға түскенін жеткізді.

Желіде жарияланған мәлімдемеде Мирзиёев Қарақалпақстанның солтүстік-батысындағы Нүкіс қаласында бүлікшілер тас лақтырып, от қойып, полицияға шабуыл жасау арқылы «қиратушы әрекеттерге» барғанын атап өтті.

«Өкініштісі сол, бейбіт тұрғындар мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері арасында зардап шеккендер бар», – дейді республика лидері.

Дегенмен бұл мәлімдемеде зардап шеккендердің саны мен сипаты туралы нақты дерек жоқ.

Қарақалпақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлiгiнiң басшысы Сұлтанбек Зияев болса, Daryo.uz ақпараттық сайтына Нүкiс қаласындағы ауруханалар қақтығыс кезінде жараланғандарға толғанын хабарлаған.

«Мыңдаған жаралы ауруханаға жеткізіліп, емделіп жатыр», – дейді Зияев.

Жексенбі күні тағы бір ақпарат сайты – Kun.uz жариялаған фотосуреттерден Нүкіс көшелеріндегі баррикадалар, өртенген жүк көліктері мен бронетранспортерлерді және әскерилерді байқауға болады. Ал әлеуметтік желіде тараған бейнежазбаларда ауыр жараланған кемінде екі адамның бірінің ішінен қан кетіп жатқаны, екіншісі айғайлағаны көрсетілген.

Тағы бір видеода көшеде жансыз жатқан кісі көрінсе, оның қасындағы жас жігіт «адам өліп жатыр» деп айқайлап жатыр және содан кейін оқ атылғаны естіледі.

Қуғындағы оппозициялық саясаткер Пулат Ахунов Reuters агенттігіне кемінде бес адамның өлгенін және тағы ондаған тұрғынның қаза тапқаны туралы ақпарат бар екенін айтып берді.

Ахуновтың сөзінше, билік енгізген төтенше жағдайға байланысты жергілікті халықтың қозғалысы шектеліп, адамдар қосымша мәлімет ала алмай отыр.

32 миллион тұрғыны бар Өзбекстан – қатаң бақылаудағы республика. Оның үкіметі қарсылықтың кез-келген түрін басып отырады.

Өзбекстандағы наразылықтарға халқының саны 2 миллионға жеткен Қарақалпақстанды автономиялық мәртебесінен айыруды көздеген конституциялық өзгерістердің жоспарлануы себеп болды. Дегенмен президент сенбіде бұл идеядан бас тартқан.

Оппозициялық «Бірлік» партиясының төрағасы Ахунов Швецияда Reuters агенттігіне сұхбат беріп, өзбек билігінің «өлтіруші күш қолдануын» айыптайтынын мәлімдеді.

«Билік әуел бастан диалог пен келіссөздерді таңдауы керек еді», – дейді ол.

Оның пікірінше, бұл жағдай өзбектер мен қарақалпақтар арасындағы этникалық қақтығысқа ұласып кету мүмкін. Ресми Тәшкент болса, Қарақалпақстандағы ахуалды талқылау үшін сейсенбіде қоғамдық жиналыс өткізетінін жариялады.

Қазақстан Өзбекстандағы оқиғаларға алаңдаушылық білдіріп, өзбек билігінің жағдайды тұрақтандыруға бағытталған қадамдарын құптайтынын мәлімдеді.

Төтенше жағдай

Қарақалпақстан Республикасының аумағында 2022 жылы 3 шілдеден бастап тамыздың 2-іне дейін төтенше жағдай енгізіліп, интернет өшірілді.

Тиісті Жарлыққа Өзбекстан президенті қол қойды. Мирзиёевтің баспасөз қызметі бұл – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қалпына келтіру мақсатында қабылданған шешім екенін хабарлайды.

Жарлыққа сәйкес, Қарақалпақстан Республикасы аумағында:

– коменданттық сағат 21:00-ден 07:00-ге дейін әрекет етеді;

– комендатура құрылып, комендант болып Өзбекстан Ұлттық ұланының қолбасшысы Рустам Джураев тағайындалды;

– қоғамдық тәртіпті, аса маңызды объектілерді, сондай-ақ халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін инфрақұрылымдық объектілерді қорғау күшейтілді;

– көлік құралдарының еркін жүріп-тұруына шектеулер қойылды;

– азаматтардың жеке басын куәландыратын құжаттарына, заттарына, көлік құралдарына тексеру жүргізіледі;

– егеменді республикаға кіру және одан шығу шектелген;

– бейбіт жиналыстарды, ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыруға және өткізуге тыйым салынады;

– заңды тұлғалардың қызметін тоқтата тұруға немесе тоқтатуға бағытталған ереуілдерге және өзге де әрекеттерге тыйым салынады;

– қару-жарақты, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды, арнайы құралдарды, улы заттарды сатуға тыйым салынады;

– дәрілік, есірткі құралдары, психотроптық заттар, прекурсорлар, сондай-ақ этил спирті, алкоголь өнімдері айналымының ерекше режимі белгіленеді;

– жеке тұлғалардан қару мен оқ-дәрілер, улы заттар уақытша тәркіленеді.

Қысқаша анықтама: Қарақалпақ автономиялық облысы 1924 жылы құрылды. 1930 жылға дейін ол Қазақ ССР-і құрамында қалып, кейін РСФСР-ға тікелей бағынышты болды. 1936 жылы Қарақалпақ АССР-і Өзбек ССР-і құрамына енеді. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін, бұл аймақ 1992 жылы Қарақалпақстан Республикасы болып қайта құрылды. Ал 1993 жылы Қарақалпақстан Республикасының Өзбекстан құрамына кіруі туралы 20 жыл мерзімге мемлекетаралық шартқа қол қойылды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!