Фото: Мәдениет пен өнерді дамыту қоры
2025 жылдың 4-6 сәуір күндері Қарақалпақстанның Нөкіс қаласында алғаш рет Арал мәдениет саммиті өтеді, деп хабарлайды Kazinform Өзбекстан Мәдениет пен өнерді дамыту қорына сілтеме жасап.
Қор бұл саммит Арал өңірін өнер, мәдениет, дизайн және ғылым арқылы әлеуметтік және экологиялық тұрғыдан өзгертуге бағытталғанын атап өтті.
Саммит әр 18 айда бір рет өткізіліп, Қарақалпақстанның тұрақты дамуы үшін экологиялық, әлеуметтік және мәдени шешімдерді табу мақсатында жергілікті және халықаралық белсенділерді, өнер қайраткерлерін және ғалымдарды біріктіреді.
Еске сала кетейік, бұл жоба туралы алғаш рет 2023 жылы наурызда БҰҰ-ның су ресурстары жөніндегі конференциясында сөз сөйлеген Өзбекстан президентінің көмекшісі Саида Мирзиёева айтқан болатын.
Саммитті таныстыра отырып, ол «өнер, дизайн және мәдениет Арал өңіріндегі мәселелер туралы хабардар болуда шешуші рөл атқара алады» деген еді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!