1 қарашадан бастап сумен жабдықтау және су бұру қызметтерінің көлемін есептеу бойынша жаңа әдістеме күшіне енеді. Кейбір БАҚ-та «жаңа есептеу тәртібі енгізілгеннен кейін қазақстандықтар көршілерінің есебінен суға қымбатырақ төлейді» деген ақпарат тараған еді. Алайда Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарып, алаңдауға негіз жоқ екенін мәлімдеді, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Министрлік мәліметінше, құжаттың мақсаты – суды жеткізу және бұру көлемін анықтаудың бірыңғай ережелерін белгілеу. Төлем бұрынғыдай су есептегіш құралдардың көрсеткіштері бойынша жүргізіледі, яғни тұтынушы мен су арнасы желілерінің шекарасында орнатылған құрылғы деректері негізге алынады.

Ал есептегіші жоқ тұтынушылар үшін төлем мөлшері әкімдік бекіткен норма бойынша есептеледі.

«Көппәтерлі тұрғын үйлердің тұрғындары үшін де есептеу тәртібі өзгермейді. Егер үйде жалпы су есептегіш орнатылып, кейбір пәтерлерде жеке есептегіштер болмаса, онда жалпы және жеке көрсеткіштер арасындағы айырмашылық кондоминиум қатысушылары арасында пропорционалды түрде бөлінеді. Мұндай тәртіп бұрыннан қолданыста болған», – деп жазылған министрлік хабарламасында.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!