Ішкі істер министрлігінің Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов «Mudarabah Capital» ісі бойынша мәліметтермен таныстырды.
Осы қаржы пирамидасын жарнамалаған елімізде танымал вайнер әрі блогердің біреуі шетелге қашып кеткен, деп хабарлайды Экспресс К.
«Mudarabah Capital» қаржы пирамидасын ұйымдастыру бойынша 14 күдікті адам тергеліп жатыр. Олардың арасында танымал вайнер әрі блогер Мейіржан Төребаев, Мейірхан Шерниязов және Әзізжан Саидбаев бар.
Қазір олардың және туыстарының мүлкі тәркіленіп алынды. Алайда жылжымалы және жылжымайтын мүліктің тағдырын сот шешетін болады. Тәркіленген мүлік арасында 4 жер учаскесі, 10 пәтер, 1 дүкен, 5 үй мен 2 автокөлік бар екенін айта кетейік.
«Вайнер, блогер дегендер де қарапайым адамдар. Конституцияға сәйкес, олардың қатардағы азаматтар сияқты құқықтары мен міндеттері бар. Қылмыстық қудалау органдары ешкімді бөліп-жармайды, бізге олардың мәртебесі мен жұмыс орны маңызды емес. Қаржы пирамидасын жарнамалаған 3 вайнер де қылмыстық жауапкершілікке тартылады», — деді Санжар Әділов.
Оның айтуынша, прокурордың өтініші бойынша Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов кепілдік беріп, бостандықта жүр. Дегенмен үшінші күдікті Әзізжан Саидбаев тергеу органдарынан қашып кеткен. Қазір ол сырттай қамауға алынып, халықаралық іздеуде жүр.
Біз бұған дейін осы қаржы пирамидасына 20 миллион теңге салған әйел өзін-өзі өртеп жібергені туралы жазған едік.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!