Тиімді жастар саясаты мемлекеттің беріктігі мен тұрақталығының басты шарты екені анық. Бұл туралы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қасіретті қаңтар» оқиғасы жағдайы жасалмаған жастардың проблемасы қаншалықты өзекті екенін көрсетіп берді. Сол кезде көшеге шыққан жастардың көбінің сапалы білімі, тұрақты жұмысы және табысы болмағаны белгілі. Осындай жастарымызды әртүрлі диструктивті күштердің қаншалықты оңай пайдаланып кете алатынын да көрдік. Бұл біздер үшін ең маңызды сабақ болды және жалпыұлттық күн тәртібінің негізгі басымдығына айналды. Жалпы, тиімді жастар саясаты мемлекеттің беріктігі мен тұрақталығының басты шарты екені анық», – деді М. Әшімбаев Сенаттағы «Жаңа Қазақстан: жастар және жаңғыру» тақырыбындағы парламенттік тыңдау кезінде.
Оның пайымынша, елімізде жастарға қатысты жүйелі әрі кешенді шешімдерді талап ететін бірқатар өзекті әлеуметтік-экономикалық проблема бар.
«Ең алдымен, қолжетімді әрі сапалы біліммен қамтамасыз ету мәселесі. Қазір қалалық және ауылдық мектептердегі білім сапасында айтарлықтай алшақтық бар екені жасырын емес. Оны Ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижелері де көрсетіп отыр. Пандемия кезінде интернетке қолжетімділік қала мен ауылда біркелкі болған жоқ. Оның салдары алшақтықтың тағы да ұлғаюына әкеліп соқтырды. Ал, сапалы білімнің тең дәрежеде қолжетімді болмауы әлеуметтік теңсіздіктің ең басты себептерінің бірі екені сөзсіз», – деді Сенат төрағасы.
Бұдан бұрын хабарланғандай, М.Әшімбаев барлық реформаның түпкі мақсаты да жастардың әл-ауқатын арттыруға әрі олардың дамуына жағдай жасауға арналғанын атап өтті.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!