Алматы облысы Қаскелең қаласында көше бойымен жылқы айдап өткендердің кім екені анықталып, жауапкершілікке тартылды деп хабарлады turkystan.kz.

Әлеуметтік желіде Қаскелең қаласында көше бойымен шауып бара жатқан үйір-үйір жылқының видеосы тараған болатын.

Алматы облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі осы жайтқа қатысты пікір білдіріп, 30 мамырда әлеуметтік желіге мониторинг жүргізу барысында Қаскелең қаласы көшелерінің бірінде 200-ге жуық жылқы жүріп өткені туралы видео анықталғанын атап өтті.

«Қарасай ауданы аумағында Жамбыл ауылы жағынан Алматы-Екатеринбург бағытындағы автокөлік жолымен оңтүстікке қарай 200-ге жуық жылқы айдалған. Жылқылар Қаскелең қаласындағы Асқаров көшесінен оңтүстік бағытқа мал жайылатын жерге бара жатқан», – дейді облыстық Полиция департаменті өкілдері.

Аталған дерек бойынша үш азамат анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

«Іздестіру жұмыстары барысында Қарасай ауданы полиция басқармасы ЖПҚБ қызметкерлері Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 408-бабы 1-бөлігі (ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын бұзу), сондай-ақ Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 505-бабы 1-бөлігі (аумақтарды абаттандыру қағидаларын бұзу) бойынша үш азаматты анықтап, әкімшілік жауапкершілікке тартты», – дейді полициядан.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!