Келіссөздер қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров БАҚ өкілдері үшін мәлімдеме жасады.

Президент, ең алдымен, Бішкекке ресми сапармен келуге шақырғаны үшін Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровқа алғыс айтып, бауырлас қырғыз жеріне қадам басқан сайын айыр қалпақты ағайынның ыстық ықыласын сезінетінін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров баспасөз брифингін өткізді

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Қырғызстанның Жоғары мемлекетаралық кеңесінің жетінші отырысы барысында екіжақты қатынастарға қатысты бірқатар өзекті мәселе егжей-тегжей талқыланып, екі елдің де мүддесіне сай келетін маңызды келісімдерге қол жеткізілгенін мәлімдеді.

– Бауырлас мемлекеттер ретінде кез келген мәселені өзара сенім мен одақтастық рухында шешеміз деген пайымға келдік. Біздің өзара тиімді ықпалдастықты одан әрі кеңейтуге ниетіміз бар. Оған саяси күш-жігеріміз де жетеді деп кәміл сенемін. Бүгінгі келіссөздердің нәтижесі туралы жаңа ғана құрметті Президент айтып өтті. Біз, ең алдымен, сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға айрықша назар аударып отырмыз. Қазақстан – Қырғызстанның сауда және инвестиция саласындағы негізгі серіктесінің бірі. Былтыр өзара тауар айналымы 1,7 миллиард долларға жетті. Биылғы жарты жылдың көрсеткіштері де жаман емес. Алдағы 5 жылда сауда-саттық көлемін 3 миллиард долларға дейін арттыруға мүдделіміз. Сондықтан бүгін арнайы Жол картасына қол қойылды. Жалпы, екіжақты сауда айналымын ұлғайтуға мол мүмкіндік бар. Келесі жылы қазақ-қырғыз шекарасында салынып жатқан Индустриялық сауда-логистика кешені іске қосылмақ, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пікірінше, екі елдің агроөнеркәсіптегі әлеуеті зор.

– Бұл саладағы тауар айналымы жалпы сауда-саттықтың 25 пайызына тең. Сондықтан өнім көлемін арттыру, бірлескен кәсіпорындар ашу өте маңызды. Осы орайда қос елдің үкіметтеріне алдағы екі жылға арналған Жол картасын қабылдау туралы тапсырма берілді, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров баспасөз брифингін өткізді

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ инвесторлары қырғыз экономикасының маңызды секторларын дамытуға үлес қосып келе жатқанына назар аударды. Қазақстан соңғы 20 жылда Қырғызстан экономикасына 1,4 миллиард доллар инвестиция салған. Оның ішінде әлеуметтік маңызы зор жобалар бар.

– Біз бірлескен кәсіпорындардың тиімді жұмыс істеуі үшін қолайлы жағдай жасай береміз деп келістік. Сондай-ақ қазақ-қырғыз шекарасының өткізу мүмкіндігін арттыруға баса мән бердік. Жүк тасымалы мәселесіне де ерекше назар аудардық. Соңғы кезде осы бағытта бірқатар ауқымды іс-шара атқарылды. Қазір шекарадағы сегіз өткізу бекетін жаңғырту жұмысы жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыс алдағы екі жылда толық аяқталады. Оны екі ел үкіметі ерекше бақылауда ұстайды. Мұның бәрі өзара сауда көлемін арттыруға септігін тигізеді, – деді Мемлекет басшысы.

Тағы бір өзекті мәселе – аймақтардың ықпалдастығын жандандыру. Бұл ретте мемлекеттер басшылары Аймақаралық форумның келесі отырысын көп созбай өткізуге келіскен. Сонымен қатар келіссөздер барысында цифрландыру және электрондық үкімет саласындағы ынтымақтастық әлеуеті талқыланған. Тараптар экономика саласын цифрландыру үшін тәжірибе алмасуға және ақпараттық байланысты күшейтуге уағдаласты.

Мемлекет басшысы су-энергетика саласындағы қарым-қатынасты үйлестіру мәселесіне айрықша тоқталды.

– Трансшекаралық су ресурстарын тиімді пайдалану аймақтағы тұрақтылық пен орнықты дамудың маңызды факторына айналып отыр. Осы бағыттағы ынтымақтастықты жалғастырған жөн деп санаймыз. Біз барлық келісімді мүлтіксіз орындауға және стратегиялық маңызы бар бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін күш-жігерімізді жұмылдыруға дайынбыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров баспасөз брифингін өткізді

Сонымен қатар келіссөз барысында мәдени-гуманитарлық қарым-қатынасты нығайтуға баса мән берілген.

– Соңғы жылдары рухани байланысты жандандыру үшін көптеген іс-шара атқарылды. Былтыр Астанада құрметті Президентпен бірге Айкөл Манастың ескерткішін аштық. Бүгін Бішкекте бауырластығымыздың тағы бір нышаны – «Достықтың алтын көпірі» ескерткішін ашамыз. Мен мұны қырғыз елінің қазақ халқына деген айрықша құрметі деп білемін. Құрметті Президентке және барша қырғыз халқына алғыс айтамын. Былтыр Қырғызстан Президентінің Қазақстанға сапары аясында екі елдің жастарын жақындастыра түсетін бірқатар уағдаластыққа қол жеткізген едік. Соның нәтижесінде Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Ош қаласындағы филиалы ашылуда. Бұдан бөлек, Қазақстан Үкіметі қырғыз студенттеріне 50 грант бөліп отыр. Келесі жылдан бастап грант санын 60-қа дейін көбейтеміз деп шештік. Кешеден бері Бішкекте Қазақстанның кино күндері, Үшінші жастар форумы өтіп жатыр. Мұның бәрі халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан рухани байланысын нығайта түседі. Кездесу барысында туризм және спорт саласындағы ынтымақтастықты дамытуға көңіл бөлінді. Келесі жылы Қырғыз елінде 6-шы Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Дүбірлі доданың табысты өтуіне тілектеспіз, біздің жақтан қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттер сондай-ақ жаһандық және аймақтық мәселелер туралы пікір алмасқан. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан мен Қырғызстанның көптеген халықаралық түйткілге қатысты ұстанымы – ортақ. Әсіресе, Орталық Азиядағы ықпалдастықты күшейту екі елдің мүддесіне сай келеді.

– Биыл аймақтағы мемлекеттер басшылары кезекті Консультативтік кездесуде бас қосып, осы мәселелерді талқылаймыз. Қазақстан мен Қырғызстан Біріккен Ұлттар Ұйымы және басқа да құрылымдар аясында табысты серіктестік орнатқан. Бұл ретте, Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының Орнықты даму мақсаттары бойынша өңірлік орталығын құруға қолдау көрсеткені үшін қырғыз тарапына алғыс айттық. Біз Қырғызстанның 2027-2028 жылдары Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болуын толық қолдаймыз. Қырғыз елінің Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы, Түркі мемлекеттері ұйымы төрағасы ретінде атқарып жатқан жұмысын жоғары бағалаймыз.Қырғыз бауырлар да Қазақстанның Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесі аясындағы бастамаларын үнемі қолдап жүреді.Біз бұған ризашылығымызды білдіреміз. Жалпы, бұл сапар екі елдің ынтымақтастығын одан әрі нығайта түсері анық. Бүгінгі келісімдер – соның айқын дәлелі. Енді, соларды тиімді жүзеге асыру маңызды. Қазақ тарапы бұл үшін қажетті әрекеттерді жасауға дайын, – деп қорытындылады сөзін Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров баспасөз брифингін өткізді

Президент Садыр Жапаров Бішкек төріндегі бүгінгі келіссөздердің қорытындысы нәтижелі болғанына назар аударды. Оның айтуынша, елдеріміздің арасында өзара сауда-cаттықтың жандануына, инвестиция тартуға және мәдени-гуманитарлық ықпалдастықты нығайтуға оң септігін тигізетін қолайлы саяси ынтымақтастық қалыптасқан.

– Қырғыз-қазақ мемлекеттік шекарасындағы индустриялық сауда-логистикалық кешенінің құрылысы, Алматы облысында ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау үшін көтерме сауда-тарату орталығын ашу, «Алматы – Ыстықкөл» автокөлік жолын салу секілді бірлескен жобаларға айрықша мән берілді. Біз сауда көлемін ұлғайту, өзара сауда-cаттықтағы тауарлар номенклатурасын кеңейту және бизнеске қолайлы жағдай жасау мәселелерін талқыладық, – деді Қырғыз елінің басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров баспасөз брифингін өткізді

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!