Бүгін аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет Ақтан батыр ауылындағы биылғы егін даласына алғашқы дән себу іс-шарасына қатысты.

«Береке» шаруашылығының егіс алқабында өткен жиында аудан басшысы
аудандық мәслихат төрағасы, аудандық мәслихат депутаттары, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, шаруашылық құрылым басшылары, ауылдық округ әкімдері және еңбек ардагерлерімен бірге ақсақалдардың батасын алып, алқапқа алғашқы дән сеуіп, диқандарға сәттілік тіледі.

Әрі қарай егіс алқабында өткен шара аудан әкімінің төрағалығымен «Дала күні» семинар-кеңесімен жалғасты. Онда аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің басшысы Еркін Сейтов көктемгі егіске дайындық барысы туралы баяндады. Ал «Қазалысушар» өндірістік учаскесінің басшысы Нұрлан Әбілдаев шаруашылықтарды сумен қамтамасыз ету мәселелері туралы хабарлама жасады.

Аудан басшысы диқандарға күріш егу науқанын оңтайлы мерзім ішінде аяқтау үшін ұйымдастыру шараларына аса мән беріп, барлық агротехникалық талаптарды қатаң сақтау қажеттігін ескертті.

Сондай-ақ егін шаруашылығындағы маңызды мәселелердің бірі өткен жылдан қалыптасқан шаруашылықтардың суға қарыздарын шұғыл өндіру және егінге малдың түсу мәселесінің де алдын алу керектігін айтты. Осыған сәйкес кент, қала және ауылдық округ әкімдеріне егін маусымында шамадан тыс төрт түлік малдары бар тұрғындарды елді мекен аумағынан тысқары аймаққа шығару, сондай-ақ тұрғындарға күндізгі түнгі мезгілдерде малдарына ие болып пада, кезек ұйымдастыру жөнінде түсіндірме
жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

Айта кету керек, биыл аудан бойынша 18 245 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру, ал, негізгі дақыл күрішті – 6436 гектарға егу жоспарлануда. Бүгінде оның ішінде 5536 гектар ескі жоңышқа толық тырмаланып, суғарылса, жоспарланған 2945 гектар жаңа жоңышқа, 200 гектар жаздық бидай, 40 гектар арпа және 495 гектар мақсары дақылдары толық егіліп күтімге алынуда.

Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!