Қызылорда облысы Қазалы ауданында жасөспірімдер арасында келіспеушілік болып, соңы бұзақылыққа ұласқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлеуметтік желіде жарияланған бейнежазбада жасөспірімдердің түнгі уақытта көше бойында бұзақылық әрекет жасағаны көрсетілген. Бұл бойынша облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен түсініктеме берді.

«Оқиғаның аудан орталығы – Әйтеке би кентінде болғаны анықталды. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексі 293-бабының 2-бөлігімен (бұзақылық) сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізіліп жатыр. Оқиға орнына дер кезінде полиция қызметкерлерінің наряды барды. Полицияға 4 адам жеткізіліп, оларға қатысты ішкі істер органдарына келу туралы міндеттеме алынды. Ауруханаға дене жарақатымен түскендер жоқ. Оқиғаның мән-жайы анықталады», – деп мәлім етті департаменттен. Еске салсақ, өткен жылы тамыз айында Қармақшы ауданында жасөспірімдер арасында жаппай төбелес болды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!