1 наурыз – Алғыс айту күні – ең алдымен елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған айтулы күн. Қазақстан жеріне қоныс аударған түрлі этнос өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына деген шынайы достық қарым-қатынасты қалыптастырудың маңызын арттыру – бүгінгінің парызы.
Осы ретте Қызылорда облыстық «Рухани жаңғыру» орталығы 1 наурыз – Алғыс айту күніне байланысты «Қазақ халқына мың алғыс» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырды. Шараға зиялы қауым өкілдері, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің оқытушылары, Үкіметтік емес ұйым өкілдері, облыстық этномәдени бірлектік және жастар ұйымының жетекшілері, «Харекет» қайырымдылық қорының еріктілері, БАҚ өкілдері қатысты.
- Құрметті қауым! Сіздерді 1 наурыз – Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл күн – елімізде жалпыхалықтық мереке. Көктемнің алғашқы күнімен тұспа-тұс келетін бұл мерекеде Қазақстандағы өзге этнос өкілдері қиын-қыстау кезеңде құшақ жая қарсы алған кеңпейіл де қонақжай қазақ халқына алғыс айтады. Бүгінде Ұлы Дала төрінде, бір шаңырақтың астында 100-ден астам, ал Алаштың анасына айналған Сыр өңірінде 35 этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүруде, – деді Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Мира Қазбекова жиын алғысөзінде.
Сыр аймағына өзге ұлт өкілдерінің қоныстануы сонау соғыс жылдарында басталғаны белгілі. Дөңгелек үстел барысында тарихи деректермен нақтыланған баяндамалар қатысушылар назарына ұсынылды.
- Екінші дүниежүзілік соғыс адамзат тарихындағы ұлы оқиға. Оның қасиеті мен қасіреті жаныңды түршіктіреді. Әрі ерліктерге басыңды идіріп таң қалдырады. Елбасына күн туған кезеңдерде рух пен намыстың мықтылығы сыналды. Соғыстың алғашқы жылдары Қазақстанға батыс аудандардан депортацияланған 532,5 мың адам баспана мен жұмыс тапты.
- Сонымен бірге 50 мың маманданған жұмысшылар, инженер-техниктер қызметкерлер, 970 мыңдай күштеп көшірілген поляктар мен немістер келді. Өте қысқа мерзім ішінде эвакуацияланған кәсіпорындарды тиісті өндірістік алаңдармен қамтамасыз етіп, майданға қажетті өнімдер өндіруді жолға қою, адамдарды азды-көпті тұрмыстық жағдайлармен қамтамасыз ету қажет болды.
- Майданға жақын аймақтардан адамдарды амалсыз эвакуациялау көптеген қиындықтар әкелді. Бұл шаралардан Сыр өңірі мен халқы да тысқары қала алмады, – деді «Рухани жаңғыру» орталығының ғылыми-сараптамалық және әдістемелік қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Дәулет Кәрібайұлы.
Ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы – тәуелсіздіктің 31 жылдығына аяқ басуда. Қазақ халқы мемлекет құраушы ұлт ретінде барлық этностарды айналасына топтастырып, біртұтас халыққа айналдыра алды. Бүгінде бұл – еліміздің басты артықшылығы.
Сондай-ақ, шара барысында «Қызылорда облысының мемлекеттік архиві» КММ-нің қоғамдық-саяси тарихы бойынша филиалының Ұлттық архив қорын қалыптастыру, ведомстволық сақтауды ұйымдастыру және құжаттарды пайдалану бөлімінің басшысы Дана Қалтаева, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Тарих кафедрасының аға оқытушылары Болат Әпенов, Бақытжан Мұхарамұлы және облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы «Абай қазынасына саяхат» клубының жетекшісі Пак Елена баяндама оқыды.
Шара соңында облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының 1 наурыз – Алғыс айту күніне байланысты ұйымдастырған «Алғысым – Отаныма!» тақырыбында облыстық эссе байқауының жеңімпаздары марапатталды.
Байқауға аймағымыздағы жоғары оқу орындарының өзге ұлт студенттері қатысты. Қазақстанның ұлт пен ұлыстың, бірлік пен берекенің тату мекеніне айналғанын көрсетіп, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, бабалар дүниетанымына, ұстанымына сай, қазақы сипаттағы бағытын қалыптастыру – бүгінгінің мақсаты.
Байқаудың басталуы туралы хабарландыру алдын ала «Рухани жаңғыру» орталығының әлеуметтік желідегі ресми парақшаларында және syr-jurty.kz сайтында жарияланды.
Байқауға келіп түскен материалдарды комиссия мүшелері сараптады. Нәтижесінде Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің студенті Р.Лебедов І орынға лайық деп танылды. Үздік деп жазылған эссе авторлары А.Соболева, М.Ашурова ІІ орынға, В.Сычева, К.Усковалар ІІІ орын иегері атанды. Сондай-ақ, Ким Наталья, Елена Пак, Жұма Юлдуз арнайы Алғыс хаттармен марапатталды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!