Қазақ-өзбек шекарасында мұнай контрабандасына арналған 450 метрлік туннель анықталды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Түркістан облысы прокуратурасының бастамасы және үйлестіруімен Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеу және ҰҚК департаменттері, Өзбекстан Республикасының құқық қорғау органдарының ынтымақтастығы арқылы қылмыстық топтың қызметі тоқтатылып, мұнай өнімдерін контрабандалауға арналған туннель жойылды.
Адамдар тобы қазақ-өзбек шекарасында ұзындығы 450 метрлік туннель салған. Осы туннель арқылы күн сайын көлемі 5-7 тонна жанар-жағармайды контрабандалық жолмен шығарып, заңсыз әрекеттері шамамен екі айға созылған. Арнайы шаралармен қылмыстық топтың барлық мүшелері, оның ішінде Өзбекстан азаматтары да белгілі болды, – делінген прокуратура хабарламасында.
Арнайы іс-шаралар Өзбекстанның құқық қорғау органдары мемлекеттік шекараның маңындағы аймағында өткізді. Сонымен қатар, көрші мемлекеттен экспортталған жанармайдың ақша аудару схемасы анықталды.
Трансұлттық қылмыстық топтың мүшелері Қазақстан аумағында да, Өзбекстан аумағында да ұсталды.
Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!