АҚШ-тың “Time” журналы 2025 жылы барып көруге тұрарлық әлемдегі ең таңдаулы жүз орынның бірі ретінде Қазақ құсбегілік одағының “Саятшылар сарайын” атады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Моңғолияның батысында шалғай жатқан қазақ­тың бір отауы – Баян-Өлгей аймағы. Бұл жақта ұлттық құндылық жақ­сы сақталған. Соның бірі – қазақтың құсбегілік өнері. Өткен жылы Қазақ құсбегілік одағының «Саят­шы­лар сарайы» салынған еді.

Байырғы ғұрпын бұзбай дамып келетін мекен биыл “Time” журналының таңдаулы 100 мекеніне кірді.

Қазақ құсбегілік одағының “Саятшылар сарайы” 2025 жылғы таңдаулы 100 орынға кірді

“Моңғолияның батысындағы Баян-Өлгей провинциясында жыл сайынғы «Алтын қыран» фестивалі өтетін жерде ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүр өміршең. Алтай тауларының бөктерінде жаңа қыраншылар мәдени орталығы жыл бойы қазақ бүркітшілерін және жабайы табиғатты қорғаушылар мен саяхатшыларды қолдау үшін ашылды.

Киіз үй сияқты жобаланған орталықта қонақтар бүркіт аулау шеберханаларына қатыса алады, моңғолдың шабандоздығы туралы біле алады, аймақтық өнер мен тоқыма бұйымдарын сатып алады және осы аймақта түнеуге болады. Билеттерді сатудан түскен қаражат Қазақ сұңқарлары қауымдастығының бас кеңсесі қызметін атқаратын кеңістікті сақтауға көмектеседі”, деп жазған “Time” журналы.

Айта кетсек, киіз пішінді ғимараттың жалпы көлемі – 120 шаршы метр. Үлкен және ішкі екі ордадан тұрады. Үлкен орданың биіктігі 4,5 метр болса, диаметрі 12 метр екен. Ал ішкі орданың диаметрі 6 метр. Сыртынан қарағанда қазақтың қос киіз үйін иықтастырып тіккен сияқты. Бірақ арасын өткел сияқты жалғап тұрған тағы бір бөлік бар.

«Моңғолиядағы бүркітшілер қауымында бұрын соңды мұндай жиналатын орын болмаған. Қор көп жылдық жоспардан кейін орталықты іске қосу үшін Қазақ сұңқаршылар қауымдастығымен, сондай-ақ Көшпелі экспедициялармен, Моңғолияның жабайы табиғатты зерттеу және қорғау орталығымен және Баян-Өлгий үкіметімен тығыз жұмыс жасады”, деп жазады басылым.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!