Кеншілер мен жұмыс беруші арасында ара-тұра дау шығып тұратын «Қазақмыс» рудниктерінде апат өрістеп жатыр. «Қазақмысқа» қарасты кеніштерде бұған дейін болған апаттар нені білдіреді? Бұл туралы «Адырна» ұлттық порталының журналисті зерттеу жүргізген болатын.

Қазақстандағы ең ірі тау-кен өндірісінің бірі – «Қазақмыс» корпорациясы ел экономикасында маңызды рөл атқарып келеді. Алайда бұл өндіріс орнында бірнеше жылдан апаттар мен қайғылы оқиғалар орын алып жатыр. 30 жылдан бері корпорацияның шахталарында және мыс қорыту зауыттарында адамдар қаза тауып, жарақат алған.

Бір апта бұрын Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданында орналасқан «Жомарт» кен орнында тау жынысы опырылып түсіп, жеті кенші қаза тапқан. Соңынан осы кенді басқарып отырған «Қазақмыс» компаниясы адам өліміне құлаған тау жыныстарының себеп болмағанын мәлімдеген. Ресми ақпаратқа қарағанда, құтқарушы бригада тау жыныстарының құлауы туралы ешқандай айғақ таппаған. «Қазақмыс» осылай ақталып жүргенде, өндірісті қауіпсіздік шараларымен қамтамасыз ету мәселесі де өзекті болып қала бермек. Бұған дейінгі қайғылы оқиғалар қазірден жаңа шаралар қабылдауға себеп болса керек еді. Бұрынғы апаттарға шолу жасап көрдік.

1995 жыл

«Қазақмыс» корпорациясы 1992 жылы құрылған. БАҚ-та жарияланған деректерге сүйенсек, 1995 жылы корпорацияда 19 адам жұмыс уақытында іс басында қаза тапқан.

2006 жыл

2006 жылы 27 желтоқсанда Қарағанды облысының Сәтбаев қаласында орналасқан «Қазақмыс» корпорациясының № 65 шахтасында орын алған өндірістік апат салдарынан 1957 жылы туған ауысым шебері Кругляков көз жұмды. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, оқиға желтоқсанның сәрсенбі күні таңғы 3:40 шамасында болған. Алдын ала деректер бойынша, дозатор құлап кетіп, жұмысшы ауыр жарақаттан оқиға орнында қайтыс болған.

2010 жыл

20 маусым күні Қарағанды облысындағы «Степной» шахтасында жөндеу жұмыстары кезінде жарылыс болып, 23, 28 және 37 жастағы үш жұмысшы қаза тапты. Тағы бір жұмысшы термиялық күйік алған. Апаттың себебі  қауіпсіздік техникасының бұзылуы деп жарияланды.

2013 жыл

Бұл жылы «Қазақмыс» компаниясында үш апат орын алып, үш адам қаза тапқан.

3 маусымда «Степной» шахтасында тау жыныстарын түсіру кезінде жер асты өздігінен жүретін машина шахтаның жырасына түсіп, машинист қаза тапты.

28 қыркүйекте Оңтүстік-Жезқазған шахтасында тау жынысының үзіліп түсіп, өздігінен жүретін жүк көлігінің үстіне құлауы салдарынан жүргізуші қаза тапты.

Ал 2 қазан күні Жезқазған мыс қорыту зауытында жабдықтарды тазалау кезінде биіктіктен құлап, бір қызметкер қаза тапты.

2014 жыл

2014 жылы «Қазақмыс» корпорациясының кеніштері мен өндіріс ошақтарында бірнеше қайғылы оқиға тіркелді.

Қаңтар айында корпорацияға қарасты «Жомарт» шахтасында жұмысшы өздігінен жүретін көлікпен соқтығысып, мерт болды.

7 ақпанда тағы бір шахтер қаза тапты. Бұл оқиға да жұмысшылардың еңбек жағдайын жақсарту қажеттігін айқындай түсті.

21 наурызда Қарсақбай мыс қорыту зауытында жұмысшы өндірістік жарақат салдарынан көз жұмды.

Күз айында Қарағанды облысында орналасқан бір кеніште мина жарылысы салдарынан тағы бір жұмысшының өмірі қиылды. Жарылыс себептері мен жұмысшылардың қауіпсіздік деңгейіне қатысты сұрақтар қоғамда алаңдаушылық туғызды.

2015 жыл

2015 жылдың 16 қыркүйегінде «Қазақмыс» корпорациясына қарасты «ЭнергоСети» кәсіпорнында өндірістік апат орын алды. Жөндеу жұмыстары кезінде автокранның жебесі құлап, салдарынан слесарь ер адам ауыр жарақат алып, оқиға орнында қаза тапты.

2016 жыл

2016 жылы «Қазақмыс» корпорациясында орын алған қайғылы оқиғалар: себептері мен салдары

9 маусымда кран машинисі ауыр күйік алып, 10 күннен кейін ауруханада қайтыс болды. Оқиғаның нақты себептері туралы ақпарат таралмады.

9 шілде күні «Жомарт» кенішінде 42 жастағы шахтер суға батып кетті.

Ал 28 шілдеде Жезқазған байыту фабрикасының аумағында дәнекерлеуші өлі күйінде табылды. Апат себебі туралы ақпарат тарамады.

2017 жыл

Бұл жыл да «Қазақмыс» үшін қайғылы жыл болды. Қоғам компанияның өндірістік қауіпсіздік мәселелеріне қайта күдікпен қарады.

31 наурыз күні тау-кен жұмысшысы штректің бірінде ес-түссіз күйінде табылды. Алдын ала мәліметтер бойынша, бұл жағдайдың себебі жұмысшының денсаулық жағдайына байланысты болуы мүмкін.

2017 жылдың 26 қыркүйегінде сол кеніште тағы бір қайғылы оқиға тіркелді. Жұмысшыны ток соғып, ол оқиға орнында қаза болды. Бұл жағдайдың алдын ала себебі ретінде электр жабдықтарымен жұмыс істеу кезінде қауіпсіздік ережелерінің сақталмауы деп қарастырылды.

2018 жыл

2018 жылдың 31 желтоқсанында Шығыс Жезқазған кенішінде 35 жастағы машинист тау жынысының опырылуы салдарынан көз жұмды.

2019 жыл

2019 жылы Оңтүстік Жезқазған кенішінде орын алған үш қайғылы оқиға өндірістік қауіпсіздік мәселелерін қайта көтерді.

2019 жылы 19 шілдеде 28 жастағы кенші жұмыс барысында мерт болды. Оқиғаның нақты себептері туралы ашық ақпарат жоқ, алайда өндірістік апат ретінде тіркелгені белгілі.

28 қараша күні Оңтүстік Жезқазған кенішінде жарылыс салдарынан шебер қаза тапты.

25 желтоқсанда №45 шахтада 1973 жылы туған электр дәнекерлеушісі тау-кен-шахталық көлігінің астында қалып, ауыр жарақаттан қайтыс болды. Оқиға 235-шахтадағы №1 штрект өндіріс орнында орын алған. Тергеу органдары жүргізушінің жұмысшыны қалай байқамай қалғанын анықтауда

2020 жыл

2020 жылы «Қазақмыс» кәсіпорны 9 қызметкерінен айырылды.Алайда апаттар туралы толық ақпарат БАҚ бетінде жарияланбаған.

Сол жылы 13 қаңтарда Жезқазған қаласындағы «Степной» шахтасында тау жынысының опырылуы салдарынан бір кенші қаза тапты.

2020 жылғы 10 маусым күні Қарағанды облысындағы «Сәтбаев» шахтасында метан газының жарылысы нәтижесінде екі жұмысшы мерт болды.

2020 жылғы 22 қыркүйекте Балқаш қаласындағы мыс қорыту зауытында жабдықтарды жөндеу кезінде бір қызметкер электр тогының соғуынан қайтыс болды.

2022 жылы

2022 жылдың 28 тамызында Жастар көмір разрезінде карьерге арналған ауыр БелАЗ көлігі мен УАЗ соқтығысып, екі адам мерт болып, үшеуі жарақат алды.

2023 жылы

Бұл жылы «Қазақмыста» 6 адам қайтыс болған.

20 қыркүйек күні Балқаш мыс қорыту зауытында монтаж қызметкері қаза тапты.
Араға бір жарым ай салып, 5 қараша күні Шығыс Жезқазған кенішіндегі №57 шахтада тау жынысының опырылуы салдарынан кен шебері көз жұмды.

2023 жылдың 22 қарашасында Жезқазған байыту фабрикасының №2 бөлімінде жұмысшыны конвейер механизмі қысып тастап, әйел адам қайтыс болды.

5 күннен соң, 27 қарашада – «Жайсан» кенішінде 1981 және 2002 жылы туған екі шахтер қаза болды.

2023 жылдың 26 желтоқсаны – «Шығыс Сары-Оба» шахтасында 31 жастағы машинист жерасты техникасының астында қалып, мерт болды.

2024 жыл

2024 жылдың 7 қазаны күні Қарағанды облысындағы «Саяқ-3» шахтасында иіс газының таралуы салдарынан екі адам қаза тапты.

2025 жыл

Ал 2025 жылдың 21 қаңтарында Шығыс Жезқазған кенішіндегі «Анненская» шахтасында 40 жастағы ұнтақтаушы мерт болды.

Бір айдан соң, 17 ақпанда Ұлытау облысындағы «Жомарт» кенішінде тау опырылып, жеті кенші үйінді астында қалды. Кейіннен жеті адамның мәйіті жер астынан шығарылып, жерленді.

«Қазақмыс» корпорациясы — Қазақстанның жетекші тау-кен және металлургия компанияларының бірі. 1992 жылы Қазақстан үкіметі «Жезқазғантүстімет» атауымен акционерлік қоғам құрды, кейіннен ол «Қазақмыс» корпорациясына айналды. 1995 жылы компания Оңтүстік Кореяның «Самсунг Дойчланд ГмбХ» корпорациясының басқаруына берілді, бұл шешім өндірісті қалпына келтіру және инвесторлар тарту мақсатында қабылданды. 1997 жылы компания атауы «Қазақмыс» болып өзгертілді.

Ресми сайтта «Қазақмыс» корпорациясы ЖШС басқарма төрағасы ретінде Нұриев Нұрахмет Қанатұлы, «Kazakhmys Holding» (Қазақмыс Холдинг) ЖШС директорлар кеңесі төрағасының бірінші орынбасары – Андрей Павлович Гайдин, Владимир Ким мен Эдуард Огай “Қазақмыс” акционерлері ретінде көрсетілген.

Сымбат Наухан

«Адырна» ұлттық порталы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!