KAZINFORM — Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитеті елімізде фильмді қазақ тілінде дубляждау көрсеткішіне қатысты түсінік берді.
Қазақ тілін насихаттау және қазақ тіліндегі контент көлемін арттыру мақсатында 2022 жылдан бастап ҚР «Кинематография туралы» Заңына сәйкес кең таралымға арналған, халықаралық стандарттар бойынша күтілетін рейтингі жоғары анимациялық фильмдер мен отбасылық бағыттағы фильмдерді қазақ тіліне дубляждауға қаржыландыру түрінде мемлекеттік қолдау көзделген.
Мәдениет және ақпарат министрлігі жанындағы Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы (Кино орталығы) Қазақстан Республикасының аумағына әкелінетін балаларға арналған анимациялық және отбасылық фильмдерді қазақ тіліне дубляждауды қаржыландыру бойынша бірыңғай оператор саналады.
— 2025 жылы Кино орталығы дубляжды қаржыландыру мақсатында екі мәрте ашық конкурс жариялады. Конкурстық іріктеудің басты талабы — фильмдердің халықаралық стандарттарға сай жоғары көркемдік және техникалық сапасы. Конкурстың негізгі мақсаты: қазақ тілді контентті дамыту, мәдени әртүрлілікті қолдау, жас ұрпақтың ана тіліне қызығушылығын арттыру, отбасылық құндылықтарды насихаттау. Алайда осы күнге дейін конкурс талаптарына толық сәйкес келетін бірде-бір жоба ұсынылған жоқ. Сараптама кеңесі ұсынылған фильмдерді қарап, олардың мазмұны мен көркемдік деңгейін талқылады. Талқылау барысында ұсынылған жобалардың көпшілігі 2016-2023 жылдары шығарылған, қазіргі кезде әлемдік киноиндустрияда өзекті саналмайтын фильмдер екендігі анықталды. Бұл өз кезегінде көрермен қызығушылығын төмендетеді, — делінген Мәдениет комитетінің Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Сонымен қатар, кейбір компаниялар фильмдерді тек отандық телеарналар мен стримингтік платформаларда көрсетуді жоспарлап отырғандарын хабарлады.
Сараптама кеңесі бұл жобалардың кең аудиторияға, әсіресе кинотеатрлар арқылы отбасымен көруге арналмағанын және халықаралық стандарттарға сай жоғары рейтингпен кең таратуға әлеуеті жоқ екенін атап өтті.
— Қоса кетерлік тағы бір маңызды мәселе — көптеген өтінім берушілерде голливудтық мейджор студиялар мен еуропалық студиялар талап ететін TPN (Trusted Partner Network) сертификатының болмауы. Бұл сертификат — дубляж жұмыстары үшін міндетті шарт. Осыған байланысты Орталық дубляж жобаларын қаржыландыру бойынша конкурсты талапқа сай, сапалы жобалар ұсынылғанға дейін жүйелі түрде жалғастыра береді. Бұл шара — Орталықтың басым бағыттарының бірі, — деп аталып өткен ведомство ақпаратында.
Атап айтқанда, қазір мемлекеттік қолдаудан басқа, жеке қаржы есебінен де шетелдік фильмдер қазақ тіліне дубляжданып жатыр. Жыл басынан бері «Финист. Ғажайып ертегі» («Финист. Первый богатырь»), «Ақшақар» («Белоснежка»), «Лило мен Стич» («Лило и Стич»), «Элио» шетелдік фильмдер кинопрокатқа шықса, дистрибьютордың ақпаратына сәйкес жыл соңына дейін голливудтық блокбастер «Аватар. От пен күл», «Аңдар шаһары 2 (Зверополис 2)» қазақ тіліне дубляждалып кинопрокатқа шығуы жоспарланған.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!