KAZINFORM — Қазақстан «2025 жылғы ең перспективалық жаңа бағыт» марапатын иеленді.

Қытайдың жетекші онлайн-туристік агенттігі Tongcheng Travel бұл марапатты «Kazakh Tourism» компаниясына табыстады.

Айта кеткен жөн, Қытайдағы ең ірі онлайн-туристік агенттіктердің бірі саналатын Tongcheng Travel платформасы 230 миллионнан астам қолданушыны біріктіреді.

Онлайн-агенттік деректеріне сүйенсек, 2024 жылы қытайлық туристер арасында Қазақстанға саяхаттауға деген сұраныс оған дейінгі жылмен салыстырғанда 300% арта түскен. Tongcheng Travel бұл үрдіс 2025 жылы да жалғасады деп болжайды.

— Туризм жылы аясында Қытай туристерінің қатары шамамен екі есе артқанын және Қазақстанға саяхаттауға деген сұраныстың айтарлықтай өскенін байқадық. Біз бұл үрдісті қолдап, Аспан асты елінің жетекші онлайн-платформаларымен ынтымақтастықты кеңейтуді діттеп отырмыз, — деп атап өтті «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқармасы төрағасы Қайрат Сәдуақасов.

2024 жылы Қытайдағы Қазақстан туризмінің жылы нәтижесінде ҚХР келген туристер легі 78% ұлғайып, 655 мың адамға жетті.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!